Жанна Фриске мен Анастасия Заворотнюктің ауруынан қорғайтын 4 әдет

Адамдар қауіпті аурулардан қорғайтын сиқырлы таблетканы армандайды. Алайда сіздің денсаулығыңыз бен хал-жағдайыңыз көбіне әдеттеріңізге байланысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Daily Mail"-ге сілтеме жасап.

Ми қатерлі ісігі - өте қауіпті диагноз. Оның көпшілік түрі онкологиядағы ең агрессивтілерінің қатарына жатады. Жақында ми қатерлі ісігінің бір түрінен актриса Анастасия Заворотнюк қайтыс болды. Бұған дейін ауыр ауруды әнші Жанна Фриске де жеңе алмады. Бұл аурудан ешкім 100% сақтандырылмайды. Десе де, дәрігерлер әр адам қауіпті барынша төмендете алатынын айтады.

Бирмингемдегі Харборн ауруханасының клиникалық нейро-онкологиялық кеңесшісі, доктор Сара Мид миды онкологиядан қорғауға және өмірді сақтауға көмектесетін әдеттерді ұсынды.

Олардың көпшілігі айқын және қарапайым нәрселер секілді көрінуі мүмкін, алайда сіз оларды күнде жасайсыз ба?

Таза ауада серуендеу

Ауыр жұмыс күнінен соң диванда жатып, сериал қарап, сүйікті тіскебасарларыңызды жеп демалғыңыз келуі мүмкін. Алайда сау болғыңыз келсе, күніңіз бұлай аяқталмауы тиіс. Белсенді өмір салты және дұрыс салмақ иммунитетті қатайтуға және көптеген қатерлі ісік қаупін төмендетуге көмектеседі. Оған қоса, қозғалыс ағзадағы қабынудың жалпы деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Үйлесімді рацион

Денсаулықты сақтау үшін дұрыс тамақтану маңызды. Бұл тек тауық еті мен брокколиге көшіп, сүйікті тағамдардан бас тарту деген сөз емес. 

Доктор Мид шаманы білуге шақырды. "80/20" ережесін негізге алуға болады: рационыңыздың көп бөлігі пайдалы тағамдар болсын, алайда арасында пайдалы емес, бірақ дәмді тағамыңызды жеп тұрыңыз.

Сондай-ақ омега-3 майлы қышқылдарына мән беріңіз: олар ми саулығы үшін маңызды.

Омега-3 майлы қышқылдарына бай өнімдер:

  • майлы балық;
  • зығыр дәндері;
  • нәлім бауыры;
  • күнжіт;
  • зәйтүн майы;
  • грек жаңғақтары;
  • үрмебұршақ;
  • гүлді қырыққабыт;
  • асжапырақ;
  • брокколи.

Жеткілікті ұйқы

Сапалы, жақсы ұйқы ми саулығына өте пайдалы. Бұл орган дұрыс демалғаннан кейін жақсырақ жұмыс істей бастайды. Сол үшін де ұйқысыз түндерден соң когнитивті функцияларға қатысты проблемалар сезіледі. Қалыпты жағдайда ересектер 7-9 сағат ұйықтауы керек. Егер бұл ережені сақтамасаңыз, оның салдары көп күттірмейді. Ұйқысыз бірнеше күннің өзі сізді ашуланшақ, шаршаңқы және алаңғасар етеді.

Ұзақ уақыт бойы аз ұйықтау біздің жасушалардың тозуына әкеледі. Жасушалардың бұлай бұзылуы қатерлі ісіктің даму қаупін арттырады деп саналады.

Уақытылы демалу

Доктор Мидтің айтуынша, жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдік сақтау - жақсы хал-жағдайдың кілті. Дәрігер күнде тапсырмаларды барынша тиімді орындауға тырысып, демалуға уақыт қалдырыңыз. Сол кезде менталды саулығыңыз жақсарады және күйзеліспен күресу оңай бола түседі.

Әрине, күйзеліс пен қатерлі ісік арасында тікелей байланыс жоқ. Алайда уайымға салыну және жеткілікті демалмау бізді сау етпейді. Мұндай режимде өмір сүру онкологиялық ауруларды ынталандыратын басқа факторлардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Жүктілік пен қатерлі ісік арасында қандай да бір байланыс бар ма?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз