"Марқұмның суретіне қарап, Жәнібекті көргендей болдық": бельгиялықтар асырап алған жігітке қатысты тың дерек шықты

"Марқұмның суретіне қарап, Жәнібекті көргендей болдық": бельгиялықтар асырап алған жігітке қатысты тың дерек шықты
Фото: әлеуметтік желіден

Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек Жұмағұловқа қатысты соңғы мәліметтер айтылды. Ақпаратты "Бармысың, бауырым?" хабарының редакциясы жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист Қымбат Досжан бұл мәселеге қатысты зерттеу әлі де аяқталмағанын жеткізді.

"Соңғы уақытта біз үнсіз жүргенімізге қарап ашылған қылмыстық істі тоқтатып тастады деп ойламаңыздар. Зертеу жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ. Кеше мен Арқалық қаласы полициясының қызметкерімен бірге Қарағанды қаласына барып келдім. Зерттеу барысында Жәнібектің әкесі болуы мүмкін деген ер адам анықталды. Өкініштісі, ол кісі өмірден өткен болып шықты. Сондықтан марқұмның туыстарымен, ет жақын адамдарымен сөйлесу үшін полиция қызметкеріне еріп өзім арнайы барған едім. Бірақ туыстары сөзімізге, өтінішімізге құлақ аспады, ДНҚ анализге қан тапсырудан бас тартты. Бізге қоңырау шалған аноним "марқұмның сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы Жәнібектен аумайтын еді, біз бірнеше жыл жұмыс істедік" деді. Тіпті марқұмның жас кезіндегі суретіне қарап, Жанни баламызды көргендей болдық. Амал қанша, марқұмның туыстары тағы да ойланып, оң шешім қабылдайды деп күтеміз", - дейді журналист.

Ал Жәнібек осы әулеттің баласы болып шықса, олардың ақшасына, дүние-мүлкіне таласым жоқ деген қолхат беруге дайын екенін айтқан. Журналистің айтуынша, Жәнібек қазір Испанияда, сол елдегі қонақүйде жұмыс істеп жүр, жағдайы жақсы.

Еске салайық, бұған дейін журналист Жәнібектің анасы болуы мүмкін деген әйелдер тапсырған қан талдауының нәтижесі шыққанын жазды. Алайда 8 әйелдің анализі нөл пайыз шыққан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова