"Сатқындық жасау керек болды". Дина Төлепберген өзіне дұрыс шешім қабылдауға көмектескен кеңес жайлы айтты

Танымал журналист, тележүргізуші Дина Төлепберген өміріндегі қиын кезеңде анасының берген кеңесін еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кейде өмірде қиын таңдаулардың алдында тұрасың. Менің де от пен судың арасына топ етіп түскен жайым бар. Маған не сатқындық жасау, не рахат өмірді таңдау керек болды. Бассыздыққа барсам, бастықтарым айлығымды екі есеге көтеріп, жалға пәтер беріп, кешкі жаңалықтардың жүргізушісі етіп қояды-мыс.

Әрине, қазір ойланбай-ақ шешім қабылдар едім. Бірақ 21 жасымда маған өте ауыр болды. Баспанам жоқ. Жарты жылға жетер ақшам жоқ. Және дәл арманымның алдына келіп тұрғанда, бас тартуым дұрыс па деген ойлар болды", - деп жазды журналист.

Дина Төлепберген анасының оған берген кеңесі оған шешім қабылдауға көмектескенін айтты.

"21 жасымда маған бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Мен анама хабарластым. "Қызым, айнаға қарашы. Айнадан ұялмайтын Динаны көрсең, демек дұрыс жолда жүргенің!" деді. Қайдағы айна? Мен не деймін, домбырам не дейді? Осы кезде түсінгенім, егер мен бастықтың маған ұсынған байлығын қабыл алсам, менің ісім тыныш болғанымен, түсім тыныш болмайды. Жұмысымыз жүйесіз, қазақ тілі қорланып жатыр. Сондықтан да мен өз еркімен осы құжатқа қол қойдым деп жазып бердім. Бас көтергіштердің қатарында болғансың деп Астанада мені ешкім жұмысқа алған жоқ. Мен шамамен төрт ай бойы жұмыс іздеумен болдым. Сөйтіп, КТК телеарнасына жұмысқа орналастым. Рига, Москва, Берлин, Дели, Каир, Нью-Йорктан хабар таратып, Астанадан, Ақордадан, Парламенттен жаңалықтар жасап, Астарлы ақиқаттан бір-ақ шықтым. Лайым адал болыңыздар! Айнаға қарағанда өзіңнен ұялмайтын адам болыңыздар!", - деді ол видеода.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!