"Жатақханада пәтер жалдап тұрамын". Буынсыз адам Айдос қайда жүр?

"Жатақханада пәтер жалдап тұрамын". Буынсыз адам Айдос қайда жүр?
Фото: жеке архивтен

Көпшілік Айдос Тоқтарбаевты "буынсыз адам" немесе "пластилин" деген атпен жақсы біледі. Оның ерекше өнерін көрген жұрт бұл сөзге келіспей қоймайды. Өнерімен жұртты таңғалдырған Айдос Тоқтарбаев көптен бері сахналардан да, эфирлерден де көрінбей кетті.

Пышақ жұтып, кішкентай чемодан, әйнекке оңай сыйып кетіп, таңғаларлық трюктер жасайтын тума талантпен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасып, қазір қайда екенін, немен айналысып жүргенін сұрады.

"Ауылда болдым, құрылыста істедім, мал бақтым"

- "Буынсыз адам" деп танылған Айдос Тоқтарбаев қазір қайда, немен айналысып жүр?

- Қазір Алматыдамын. Біраз жыл ауылда болып, жұмыс істедім, құрылыста істедім. Алматыға келген соң арасында тойларға шығамын. Балабақшаларға, мектептерге де концертпен шығып жүремін.

Жеке архивтен

- Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

- Шығармашылықта әзірге ешқандай жаңалықтар болып жатқан жоқ. Жаңалық болады деп ойлағанмын, бірақ салмақ жинап алдым. Мәскеуден келгелі бері ештеңеге дайындалған жоқпын. Эфирлерге де шыққан жоқпын. Тек жуырда "Таңшолпан" бағдарламасында қонақ болдым.

"Ел атынан барып тұрып, чемоданға сыймай мазақ боламын ба деген қорқыныш болды"

- Ресейлік танымал шоуға қатысқаныңызды естідік, осы туралы әңгімелеп берсеңіз.

- Мәскеуге "Пятница" телеарнасы шақырған. Бірінші онлайн кастинг өткізді, онлайн сұхбат алды. Яғни онлайн түрде турнир жасады. Сол онлайн іріктеуден өттім. Өзім де "Алланың қалауымен соңғы рет бір көрейінші" деп Құдайдан сұрап жүргенмін. Дұға-тілегім қабыл болды. Жақсы дайындалған телешоу екен, маған ұнады. Эфирлерге шығып жүрген 25 жылдық тәжірибемде дайындығы мықты командамен бірінші рет жұмыс істедім. "Пятница" арнасының командасы алыстан келген қонақ деп мені бірінші шығарды.

- Жоба барысында қандай қызық жайттар болды? Біраз уақыттан кейін шоуға қатысу қиын болмады ма?

- Құйымшағым сынып, жарақатпен барғанмын, "не істеймін?" деп уайымдадым. Мен апарған жәшіктің өлшемімен шығармай қойды, яғни апарған жәшікті кішірейтіп тастады. Келісімшартқа қол қойғанмын. Олардың келісімшарты бойынша қатысушы не істейтінін білмеуі қажет. Аяқ астынан жобаның ұйымдастырушылары өздері береді. Мен қылыш жұтатынмын. Сондай өнер көрсетемін бе деп дәмеленіп барғанмын. Сөйтсем ондайлар бар екен. Маған істетпеді. Жарайды дедім. Олардың айтқанына көніп жұмыс істеуің керек. Өздері сценарий береді, өздері дайындайды. Өздері сұрақты да дайындап қойған. Бір-екі күн дайындық өтті. "Мосфильмнің" қонақүйінде жаттым. Күнде дайындаламын. Шынымен де, қорқынышты болды. Ел атынан барып тұрып, чемоданға сыймай қалып, ұят, мазақ боламын ба деген қорқыныш болды. Бірінші күнгі дайындықта жаңағы чемоданға сыймай қалдым. Жәшікке де сыймадым. Олар костюмді де өздері берді. "Өз костюміңді киюге болмайды" деді. Неге екенін сұрағанда, "гримнен бастап рөлді өзіміз береміз" деді. Маған бортсеріктің рөлін берді. Қыры шыққан костюм, оның үстіне туфлиімен. Өзіңіз ойлап көріңіз. Ал мен ешқашан туфлимен өнер көрсетпеймін. Бұл мені кәдімгідей шошытты. Дайындықта жүргенде істей алмай жүрдім. Бала күннен әдетім: қойылым алдындағы дайындыққа барғанда, істей алмай қоямын, анығында істегім келмейді. Концертте бір-ақ істегім келіп тұрады. Өйткені қауіпті трюктер жасаймын. Дайындық алдында жараланып қалатын сияқты болып тұрамын, қорқамын. Соны айтып түсіндіре алмаймын.

Жеке архивтен

- Бірінші күні дайындықта да қызық болды. Өзім жолдан шаршап барғанмын. Оның үстіне уақыт ауысты, телефоным да істен шығып жүр еді. Қысқасы дайындыққа кешігіп бардым. Режиссерге жолдан түнде келгенімді, уақытқа әлі үйренбегенімді айттым. Ол "кәне шық, өнеріңді көрсет" деді. Шықтым, бірақ жәшікке сыймаймын, жәшігімді кішірейтіп тастаған екен. Менікінде үштік айна тұрса, олар он бірлік айна қойып тастаған. Костюм де тырысып бара жатыр. Содан "ертеңгіге дайындалайыншы, чемоданды бөлмеме ала кетейін" дедім. "Қолыңнан келе ме?" деді. Намыстанып кетіп, "келеді" дедім. Әртістік қабілетімді де таныта алмай жаттым. Өздері айтқан актерлік шеберліктің бірде біреуін істей алмадым. Өйткені табиғатым ұялшақ. Маған кішкене демалуға кеңес берді. Өйткені мұндай дайындықты көрмегенмін. Бұл үлкен жоба болды. Олардың сценарийіне, идеясына сай келмей жаттым. 

Жеке архивтен

- Кейін бәрі ойдағыдай болды ма? Жоба қалай аяқталды?

- Костюмнің шалбарының ішіндегі астары да трюктер жасауыма кедергі келтірді, оны алып тастауын өтіндім. Одан соң біртүрлі белдік берді. Ол да денемді қажап жіберді. Сол жағымдағы ең төменгі қабырғама бірдеңе батса, тисе ауырады. Сондықтан белдікті алып тастадым. Сөйтіп дайындыққа келіп, "енді дұрысталады" дедім. "Ертең кел" деді. Ертесіне чемоданға да, жәшікке де сыйып кеттім. Режиссер "ооо, тек бірнәрсе жетпейді" деді. "Мимика, күлкі жетпей тұр ма?" деп едім. "Дәл солай" деді. "Маған эфирде ашылуға рұқсат беріңіздерші" дедім. Сөйтіп төртінші күні түсірілім басталды. Жұлдыздар келетіні айтылды. Бір кезде Якубович келді. Түсірілімнен де жақсы өттім. Эфир шыққаннан кейін қарасам өзіме ұнады. Бұрын өзім түскен түсірілімдерді қарамайтынмын. Осы жолы өз-өзіме риза болдым. Қысқа болса да мәнді, сәнді шыққан. 

"Денемде сынықтарым бар, күн бұлттанғанда жанға батады"

- Қазір қандай да бір жаттығулар жасап тұрасыз ба? 

- Қазір жасым 42-де. Жасап тұру керек. Бірақ денемде біраз сынық бар: аяқта, құйымшақта, белде, қабырғаларымда. Кейде күн бұлттанған кезде жанға батады. Ауырсынуды басатын укол қабылдағаннан кейін ғана басылады. Мұндай уколды алмауға тырысамын. Ауырғанына шыдауға тырысамын. Бақбақ гүлден, бананның терісінен езбе жасап қояды. Соны жағамын. 

Жеке архивтен

- Өнеріңізді үйретіп, тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар ма?

- Шәкірт дейтін шәкіртім жоқ. Бірақ мені ұстаз деп қабылдайтын, аз да болса септігім тиген бауырым бар. Цирктегі Жұмат Жанмырзаев деген жігіт. Оған қолымнан келгенше ақылымды айтып тұрамын. Өзі - еңбекқор, ізденісі мол жігіт. Сол баланы төл шәкіртім демесем де студент кезінен біраз нәрсеге үйреткенмін. Жұмат бауырымыз қазір Ұлыбританияның циркінде. Әлі талай алар асулары бар. Талай жерді мойындатты. Францияда болды. Анталиядағы, Кипрдегі, Дубайдағы цирктерде жұмыс істеді. Қазір өзі нөмір жасап алған. "Маған еліктеме, өзіңнің талабың бар, соған қарай ұмтыл" деймін. Мықты, сөз жоқ.

"Оқудан шығарып жіберді"

- Цирктегі оқуыңыз аяқталмай қалғаны рас па? Осы туралы айтып бере аласыз ба?

- Мені 3-курстың аяғына таман оқудан шығарды. 1-курстан бастап жұлдыз бола бастап, эфирлер де мені іздеп тауып алып жүретін. Кейін мені ылғи жиналысқа салатын, оқудан шығарамыз деп жататын. Сол кезде үш адам мені жақтайтын. Шыңғыс Орманбеков, Тойған апай және Владимир Кожевников. Гимнастика сабағынан берген Владимир Павлович Кожевников дейтін кісіге мың алғыс. Ержан Қосбармақов деген ағайлар маған қатты "тістесіп" алды. Қырғызстанға 10 күнге басқа бір оқу орнының атынан жарысқа кеткенімді естіп қалыпты, оның үстіне сабақтан кешіктім. Соны естіген, "тістесті" де мені оқудан шығаратын болды. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан. Одан соң терезе сынып еді, оны да менен көрді. Иван деген баланың мойны жарақаттанды. Ол жерде шыны керек бармын. Екеуміз күресіп жүргенде, мойнына әйнек кіріп кетті, менің де қолыма кірді. Бірақ оның мойнын кесіп кеткеніне мен кінәлі болдым, шынымен, кінәлімін ғой, бірақ ойнап жүріп істегенбіз. Жатақханада мен қатысқан бірдеңе болса, кешігіп келсең, колледж директоры Ержан Қосбармақов біліп отыратын. Сөйтсем, аңдитындары мен екен. Қосымша жұмысқа шығатынмын. Соның бәрін естіп отыратын. Бірақ ол кісілердікі жөн.

Жеке архивтен

- Сол кезде ұстазымыз Владимир Кожевниковті қатты жақсы көретінбіз. Ол кісі "Айдосқа қыспақ болмағанда бірталай нәрсені істейтін бала еді" деп айтады екен. Кейін 2004-2008 жылдары рекордтар кітабына еніп, телеарналар, шетелдік басылымдар түсірген кезде директор эфирден қарап отырып, "осы мен шығарып жіберген балалар жұлдыз болып кетеді" депті. Соның өзіне қуанып қалдым. Ақыры мені мойындайды екен ғой деп ой түйдім. Бірақ балалығым болды ма екен, қайтадан барсам кіргізетін бе еді?! Қырсықтық па екен деп те ойлаймын. Ол да тағдыр. Ешкімнен көрмеймін. Тағдыр не жазады, оны өзгерте алмайсың. Сабыр еттім, шүкір еттім. 

Жеке архивтен

"Өнерді қойсам ба деймін"

- Қазір қандай жұмыспен айналысып жүрсіз? Алға жоспарыңыз қандай?

- Қазір жатақханада пәтер жалдап тұрамын. Шашылып қалған дивандарды ішіне материалдарын салып, ағаштарын қойып жөндеймін. Соған ақша аламын. Ерлік деген досым бар. Мені Facebook-тен тауып алыпты. "Құрылыста істейсің бе?" деп ұсыныс тастады. "Адалынан жұмыс болса, істей беремін, арланбаймын" дедім. "Бетонға шыдайсың ба?" дейді. "Студент кезімде бетонда да жұмыс істегенмін" дедім. "Кейін де ковид кезінде ауылға кетіп қалғанда, мал бақтым, бетонда да істегенмін" дедім. Дивандарды бітіріп бір-ақ барамын ба деп хабарласқан жоқпын. Арасында диван жасаймыз, осылай жұмыс істеймін. Мәскеуден гонорар алғанмын. Ол жерден қанша алғаным құпия болсын.

- Сол ұсыныс бойынша бұйырса келесі айдан бастап құрылысқа кетсем бе деп ойлап отырмын. Өйткені қазір тойдан да мән кетіп қалды. Шыны керек, той былжырап кетті ғой. Білмеймін неге екенін, өзіме мал баққан ұнайды. Ағаштан каркас жасаған да ұнайды. Ауылға көшіп алсам, бәрін тастап, ұсталықпен айналыссам ба деген де арманым бар. Армандай берсең жетесің ғой дейді. Ерінбей күнделікті істеп жүре беремін. Кейде өнерден жалығып кетемін, өнерді қойсам деймін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова