Этикет: Дыбыстық хабарламаны қандай жағдайда жіберген дұрыс?

Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолданушылары қарапайым мәтін жазғаннан гөрі дыбыстық хабарлама жібергенді жөн көреді. Алайда ол барлық адамға бірдей ұнамайды: ол кей адамдардың ашуына тиеді. Massaget.kz дыбыстық хабарламаның артықшылықтары мен кемшіліктерін ұсынады.

Дыбыстық хабарламаның кемшіліктері

Ол алаңдатады және жеке шекараны бұзады

Дыбыстық хабарлама мәтінге қарағанда қаттырақ алаңдатады: бірнеше сөйлемді бірнеше секундта оқып тастауға болады, ал дыбыстық хабарлама көбірек уақытты алады. Дыбыстық хабарлама ұзақ болады және оны қабылдау көбірек зейінді қажет етеді. Мұның барлығы жұмыс барысынан алаңдатып, жылдам орындау керек істерге кедергі келтіреді.

Оны айналаңыздағы адамдар естиді

Дыбыстық хабарлама кез келген сәтте, соның ішінде қолайсыз жағдайда - жұмыста, сабақта, метрода немесе дүкенде келуі мүмкін. Маңызды немесе жеке хабарламаны басқалардың көзінше тыңдау ыңғайсыз, сондықтан бұл жағдайдан шығу үшін құлаққап іздейсіз, дауысын жабасыз немесе жалғыз қалатын жер іздеп кетесіз.

Кейде хабарламаны түсіну қиын

Кейде мұндай хабарламаның дыбысының сапасы нашар болады. Оған қоса, адамдар дыбыстық хабарламаны жүріп келе жатып, көшеде немесе көлікте келе жатып жазады. Оның айналасындағы шудан дыбыстық хабарламаның кей жерлерін түсінбей қалуыңыз мүмкін. 

Қажет хабарламаны табу және оның бір бөлігін басқаға жіберу қиын

Мәтіндік хабарламаны жылдам тауып, қайта оқуға болады. Ал қажетті дыбыстық хабарламаны табу қиын, ол үшін барлық дыбыстық хабарламаны тыңдап шығуыңыз керек. Дыбыстық хабарламаны басқа адамға жіберсеңіз, ол толығымен кетеді. Қажет жерін кесіп алып жібере алмайсыз. 

Дыбыстық хабарламада артық сөз көп

Адам мәтіндік хабарлама жазған кезде жақсылап ойланып, қажет нәрсені 2-3 сөйлемге сыйғызуға тырысады. Дәл сол ойды ауызша айтқан кезде ол оны бірнеше минутқа созып жіберуі мүмкін. 

Телефонның жадын толтырып тастайды

Дыбыстық хабарламалар тыңдаушының шыдамын тоздырып қана қоймай, смартфондардың жадын толтырып тастайды. Қажет емес медиафайлдарды уақытылы өшіріп отыру керек немесе олардың автоматты түрде көшіріліп, сақталуын өшіріп тастау керек. 

Дыбыстық хабарламаның артықшылықтары

Десе де дыбыстық хабарламыны қолданудың қажет және ыңғайлы кездері де бар.

Шынымен де мәтін теру ыңғайсыз болғанда

Мәтін теру ыңғайсыз болған кезде дыбыстық хабарлама құтқарады. Мысалы, далада күн қатты суық, қолғапты шешіп мәтінді ұзақ теріп тұру ыңғайсыз. Сондай-ақ қолыңыз бос емес жағдайларда дыбыстық хабарлама құтқарады. Мысалы, дүкеннен көп сөмкемен келе жатырсыз, кішкентай баланы көтеріп тұрсыз және т.б. 

Сөйлесуші адам бірінші болып дыбыстық хабарлама жіберді

Егер сөйлесуші адам бірінші болып дыбыстық хабарлама жіберсе, сіз де оған солай жауап берсеңіз болады. Себебі оған мәтін жазу немесе оны оқып тұру ыңғайсыз болған болуы мүмкін. 

Эмоцияны жеткізу керек болғанда

Мәтінді оқып оның эмоциясын түсіну қиын. Бұл мақсатта дыбыстық хабарлама қолдануға болады.

Денсаулығымен проблемасы бар адамдар

Адамның көзі дұрыс көрмесе, ұсақ моторикасы дұрыс дамымаса және басқа да денсаулыққа қатысты проблемасы бар болса, әсіресе, қарт кісілерге шынымен де мәтін теру қиынға соғады. Олар үшін ең жақсы шешім - дыбыстық хабарлама жіберу.

Дыбыстық хабарлама жібергенде мына нәрселерді ескеріңіз:

  • Егер әңгімелесуші адам бірінші болып дыбыстық хабарлама жіберсе, оған да солай жауап беруге болады;
  • Дыбыстық хабарламаны шулы ортада жазбауға тырысыңыз;
  • Дыбыстық хабарламаны оны тыңдай алатын жерде отырған адамға жіберіңіз;
  • Оны ойыңызды мәтінмен жеткізе алмайтын немесе эмоция білдіру керек жағдайларда ғана жіберуге тырысыңыз;
  • Дыбыстық хабарлама жібермес бұрын ол ұзақ және түсініксіз болмас үшін айтатын нәрсені ойланып алыңыз;
  • Дыбыстық хабарламаның ұзақтығын шектеңіз (1 минуттан асырмаған жөн);
  • Әңгімелесушіден алдымен "дыбыстық хабарлама жіберсем бола ма" деп сұрап алыңыз;
  • Егер мәтін тере алмайтын жағдайда дыбыстық хабарлама жіберсеңіз, жағдайыңызды айтып, кешірім сұраған жөн.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!