"Таңертең оянсам қуанатынмын". Жахан Отарғалиев ауыр сырқаты туралы алғаш рет ашып айтты

"Таңертең оянсам қуанатынмын". Жахан Отарғалиев ауыр сырқаты туралы алғаш рет ашып айтты
Фото: Әлеуметтік желі / Фотоколлаж

Танымал актер Жахан Отарғалиев белгілі журналист Зарина Мүсілімге берген сұхбатында сырқаты жайлы ашып айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Актер 2023 жылы екі рет қатты сырқаттанып қалған. Біріншісі, асқазан ауруы.

"Өзім продюсер болған фильм шыққан кезде бүкіл Қазақстанды аралаймын деген жоспар болған. Ақтөбеге барған кезде ауру ұстап қалды, өзіммен-өзім қалтырайтын болдым, не болғанын түсінбеймін. Бауырларымнан қонақүйге апаруын өтіндім. Сол түні таңға дейін қалтырап, дірілдеп шықтым. Отырсам отыра алмай, жатсам жата алмай қалдым. Содан турды тоқтатып, Алматыға қайтуды жөн көрдік. Ауру Алматыда да басыла қоймады. Содан Стамбулға барып емделіп келуді жөн көрдім, онда менің досым бар. Ертесіне билет алып, Түркияға бардым. Стамбұлға барып тексерілгеннен кейін дәрігерлер маған асқазан-ішек жолдарын толық тексеру керегін айтты. Тексеріп, асқазанымнан үлкен жара анықталды. Анализді тапсырардың алдында мен наркоз қабылдадым, әдетте ол тек 15 минутқа созылады. Кейін наркоздан оянсам бір сағат өтіп кетіпті. Мен түсінбей "қалай наркозда бір сағат бойы жаттым?" деп таңдандым. Сөйтсем, дәрігерлер мені оятпай, асқазаныма ота жасаған. Маған "сені қорқып кетеді деп ойладық, сондықтан оятпадық" деді. Маған ота жасауға құжатқа досым қол қойыпты. Отадан кейін жағдайым жақсарды, ота сәтті өткен", - деді ол.

Стамбұлдан қайтқаннан кейін тағы бір ауру пайда болады. Актердің сөзінше, кезекті ауру өнер иесін қатты қинап жіберген.

"Менде аллергия пайда болды. Мен 2 ай бойы үйден шықпай, жаттым. Түсінікті тілмен айтқанда қотыр болдым, бүкіл денем шыдатпай қышитын. Қолым жетпейтін денемнің бөлшегіне жанымда жүрген екі ағам фен ұстап тұратын. Фен ұстайды дегенді түсінбей отырған боларсыздар. Денемнің қышығаны соншалық, мен оны қасып шаршайтынмын, оның үстіне әбден тырнап, жара қылып тастағанмын. Сонда ағаларым жараның үстіне фен ұстап тұрады, феннің ыстығымен дененің қышуы басылатын.

Дәрігерге қаралу үшін Алматыдағы мықты аллергологтың алдына бардым. Мен содан кейін аллергологқа бармайтын болдым. Аллергологтың кеңесіне барамын, ол маған 50 мың теңгеге дәрі-дәрмек жазып береді де, "бір аптадан кейін қайта кел" деп жібереді. Жазып берген бүкіл емін алдым, сөйтіп 1 аптаның ішінде қатты ісіп кеттім. Қолдарымның ісіп кеткені соншалық, денемді өзім қаси алмайтынмын. Екі ағамның күні менің денеме фен ұстап тұрумен өтті. Содан аллергологтың алдына барып, "кетеді деп едіңіз ғой, керісінше асқынып кетті ғой" дедім. Сонда дәрігер бетіме қарап тұрды да, "әлде асқазан ба екен?" деді. Амал жоқ, ауырып, жаным қиналып жатқандықтан, асқазанымды тексерттім, оған тағы 50 мың теңгеге дәрі жазып берді. Нәтиже болмады.

Кейінірек Қытайға бір тірліктермен барамыз. Ақыры Қытайда жүрген соң, сол жақтың емханасына бардық. Біз барған емхана Қытайдағы аллергия емдейтін ең мықты емхана екен. Дәрігер денемді көрді де, шошып кетті. Енді денемнің бәрі қатты ісіп кеткен ғой, тіпті мойнымның ісінгенінен дұрыстап дем ала алмайтын едім. Ауру кетпей қойды, шаршап кеттім. Таңертең ұйқыдан тұрсам, қуанатын жағдайға жеттім", - деді ол.

Емнен ешқандай нәтиже көрмеген актер ақыр соңы Түркияға барады.

"Болмаған соң ағама ақырғы сөздерімді айтып бастадым. Сөйтіп жүргенде менің денемнің суретін Түркиядағы досыма жібердік. Ол бізді бірден шақырды. Мен негізі Түркияның медицинасына риза болдым. Дәрігер денеме бір қарады да, "тамақтан емес" деді, алайда бұған дейінгі мамандардың бәрі "жақпайтын зат жеген шығарсыз" деп жүрген. Түрік дәрігер "сенде депрессия" деді. Біз ер адамдар барлық ашу мен ренішті іште жинай береміз ғой, ол сыртқа жылау немесе басқа түрмен шықпаған соң, ауру болып шығады екен. Сосын өмірімде бірінші рет психотерапевттің алдына бардым. Ол кісі маған "өмір сүргің келсе, сүйікті ісіңмен айналыс. Өмір сүргің келмесе, осы аурудан өлесің" деді. Ал менің өмір сүргім келді. Содан өмірім 360 градусқа өзгерді", - деді актер.

Тағы да оқи отырыңыздар: Санның пайызын қалай шығарады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә