"Енеммен келіспей, ұлымның есімін өзім қойдым". Қазаққа тұрмысқа шыққан орыс келінмен сұхбат

Қазақстанда бір шаңырақ астында барлығы 100 ден астам ұлт өкілі тұрады. Қоян-қолтық араласқаны соншалық, аралас неке де көп көздеседі. Осынша ұлт тұратын елде екі түрлі ұлт өкілінің шаңырақ көтергені таңсық жағдай емес. Солардың бірі Абай облысының тұрғыны Мариям. Кейіпкеріміздің қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанына 6 жыл болған. Қазір шекесі торсықтай ұл тәрбиелеп отыр. Мариям өзге ұлт өкілімен некелесудің қандай қиыншылығы барын, қазақ ата-енесімен қарым-қатынасы туралы Massaget.kz тілшісіне әңгімеледі.

Мариямның айтуынша, ол ешқашан болашақ жарының ұлты туралы ойланбаған.

"Жұбайым өзге ұлт өкілі болады деп ешқашан ойламаппын, күтпедім. Оған қоса, менде болашақ жарым міндетті түрде орыс болуы керек деген ұстаным болған емес. Жолдасым Файзулламен таныстым, бір-бірімізді ұнаттық, жақсы көрдік. Сезіміміз күшейіп, отбасын құрдық", - дейді ол.  

Ол өзінің қазақ жігітке тұрмысқа шығатынына ата-анасы еш қарсы болмағанын жеткізді.

"Ата-анам қазақ жігітке тұрмысқа шығатынымды білгенде ешқандай қарсылығын білдірген жоқ, күйеуімнің де ата-анасы қарсы болмады. Екі жақтың да туыстары наразылық білдірген жоқ, барлығы бұл жаңалыққа оң көзқараспен қарады", - дейді ол.

Мариям орамал тақпайтынын, ата-енесі мен күйеуінің жақындарына сәлем салмайтынын айтты.

"Менің ата-енем таза қазақтар болса да, орыстанып кеткен, бұл менің 6 жыл ішінде байқағаным, сондықтан олар қазақтың кейбір дәстүрін ғана ұстанады. Ұстанатын салт-дәстүр бар, бірақ айтарлықтай көп емес. Мысалы, мен сәлем салмаймын, тойымыз орыс стилінде өтті, орамал тақпаймын. Олардың бұл туралы қалай ұмытып кеткенін де білмеймін. Беташар жасалынбады, ата-енем беташардың болуын талап етпеді. Сондай-ақ, біз мешітте діни неке қиған жоқпыз, ресми некеге ғана тіркелдік", - деді кейіпкеріміз.

Қазақ жігітке тұрмысқа шыққан кейіпкеріміздің күйеуі де ана тілін білгенімен, күнделікті тұрмыста орыс тілінде сөйлейтін көрінеді. Ал Мариямның өзі қазақ тілін жетік білмейді, тек аздап сөйлесе алады. Сондай-ақ, ол ұлының да қазір орыс тілінде ғана тілдесетінін айтты.

"Ұлымыз әлі кішкентай болғандықтан, тек орыс тілін біледі. Оның жасы небәрі төртте, бірақ мектепке баратын кезінде орыс сыныбын таңдайтын шығармыз, өйткені біз үйде күнделікті орыс тілінде сөйлесеміз. Ұлым есейгеннен кейін, қазақ тіліне деген махаббаты мен қызығушылығы ашылатын болса, мен қарсы болмаймын, керісінше, қолдаймын, өйткені біз не дегенімен Қазақстанда тұрамыз", - дейді ол.

Сонымен қатар, Мариям қазақтың салт-дәстүрін, құндылықтарын, тіпті ұлттық тағамдарын ұнататынын жасырмады. 

"Маған қазақтың салт-дәстүрлері мен құндылықтары өте қатты ұнайды, яғни мен оң көзқарастамын. Біз үйде бауырсақ та, бешбармақ та, борщты да жей береміз. Тек бір қиыны, менің қолымнан тамақты енем секілді дәмді қылып әзірлеу келмейді, бірақ тырысып жүрмін. Маған қазақтың ұлттық тағамы өте қатты ұнайды, олардың дәмі тіл үйіреді", - деді кейіпкеріміз.

Мариям қазақ жігітке тұрмысқа шыққанына ешқашан өкінбеген, екіге кету туралы да ойланбаған. Тіпті 6 жылдың ішінде ерлі-зайыптының арасында ешқандай да түсініспеушілік, кикілжің болмапты. 

"Үйленгеннен кейін күйеуім екеуміздің арамызда ұлтқа, құндылық пен салт-дәстүрге қатысты қандай да бір түсініспеушілік, кикілжің туған емес", - деп қысқа қайырды ол. 

Ол ата-енесімен де қарым-қатынасы өте жақсы екенін айтты, өйткені осы уақыт аралығында алып-айтарлықтай үлкен дау тумаған екен. Алайда, Мариям тұңғышын босанғанда, сәбидің есімін жолдасының ата-анасы қойғысы келіпті. 

"Негізі ата-енеммен де қарым-қатынасым өте жақсы, бірақ ұлымды босанып, оған есім таңдау кезінде арада түсініспеушілік болған. Енем ұлымның есімін өзі таңдап, қойғысы келді, өйткені ол үйдің үлкені, сондай-ақ қазақтарда отбасының үлкеніне есімді ата-әжесі қояды деген түсінік бар ғой. Бірақ, мен бұған қарсы болдым, мен баланың есімі үшін жауапкершілікті ата-анасы ғана ала алады деп ойлаймын. Сөйтіп ешқандай жанжалсыз ата-енеммен сөйлесіп, оларға осы ойымызды түсіндірдік. Олар түсініп, келісті. Содан мен ұлыма орыс есім қойғым келді, ал жұбайым оны қаламады. Әрине, басында түсінісе алмадық. Артынан екеумізге де ұнайтын бір есімді таңдаймыз деп шештік, екеумізге де Денис есімі ұнады. Бұл орысша да, қазақша да есім болмағаны екеумізге де ұнады. Бұдан бөлек, күйеуім мен ұлымның аты жөнін үйлестіргенде, құлаққа өте жағымды естіледі", - деді ол.

Ене мен келін арасында туған бұл қайшылық олардың кейінгі қарым-қатынасына аса әсер етпеген көрінеді.

"Бұл жағдайдан кейін енеммен қарым-қатынасымыз бұзылған жоқ, бәрі жақсы. Өйткені біздің арамызда ешқандай ұрыс болған жоқ, біз жай ғана ересек адамдар секілді отырып сөйлестік, оған баланың есімін ата-ана өзі таңдаса, дұрыс болатынын жеткіздім. Оған біз таңдаған есім ұнады, бірақ ол есімнің соңын өзгертейік деген ұсыныс тастады. Ол Дения емес, Даниль болғанын қалады, ал бізге өзіміз таңдаған нұсқа көбірек ұнады. Содан енем "немерем кейін өскенде мүмкін есімін өзгерткісі келетін шығар" деп айтып қалды, әрине, егер ұлым қаласа, ол өз қалауын жасайды. Бұдан кейін арада ешқандай ұрыс болмады", - деп қорытындылады Мариям.

Тағы да оқи отырыңыздар: 1 мамыр - Бірлік күніне құттықтау-тілектер

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!