"Өй, Қоянбаев, Тұрсынбек дегендер сайқымазақ" деп жатады". Танымал кинопродюсер кімге ренжулі?

Танымал актер, кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев "Мархабат" телебағдарламасына берген сұхбатында "комедия" жанрын сынайтын ағаларына ренішін білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, "комедия" ең қиын жанрдың бірі.

"Мен фильм түсіретін адамдар "комедия" жанрына рақмет айтуы керек деп ойлаймын. Бірақ менің бір ренішім бар, осы жерде айтайын. Мен кино саласына келгелі 5 жыл болды. Осы 5 жылда бір үлкен ағаның жақсылық сөзін естімедім. "Мына жері қате, бірақ мына жері дұрыс, жақсылық екен, мына жерін дұрыстап жіберіңдер" деген ақыл естіген жоқпын, тек қана жамандайды. Сынның өзін көтереміз ғой, бірақ кейде енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан "комедия" жанрын жерге тыға берсең де болмайды ғой, арасында бір алдап, мақтап қоюға болады ғой. Адамдар неге комедияға көңіл бөледі? Өйткені комедия жанры көзге түсіп қалды, халықтың жүрегін жаулап алды. Ал халықтың көңіліндегі заттың қателігі әрдайым көрінеді, ал оны 200-300 мың долларға түсірсең, одан қатты. Ал кейде "мән-мағынасы, тарихы бар комедия түсіріңдер" деп айтып жатады ғой, оған қомақты қаражат керек, оны үкімет беруі керек. Ал бізде үкіметке барса, "Кино қоры" комедия жанрына қаржы бөлінбейтінін, оның мағынасы жоғын айтып, шығарып салады. Олар үшін комедия жанры кино емес. Әрине, мен комедия жанрында фильм түсіріп жатқан барлық продюсердің іс-әрекеті дұрыс деп айтпаймын, бірақ жамандай бермей, "әр қазағым - жалғызым" демекші бұл біздің кино, біздің комедия, біз бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Мен осы жерде, комедия жанрында жұмыс істеп жатқан барлық әріптесіме алғысымды білдіргім келеді. Тек кино емес, сахнаға шығып, вайн түсіріп жүргеннің бәріне. Текті елдің ғана комедиясы бар, мықты Франция, Англия, АҚШ, Түркия, Корея және тағы басқа. Қазақстанда комедияның дамып келе жатқаны елдің мықтылығын көрсетеді. Тек мықты елде ғана адамдар бір-бірімен әзілдесе алады. Комедия жанры басын бастап берді, қазір шүкір басқа жанрдағы фильмдер де шығып, жақсы касса жинап жатыр. Комедия жанры кино саласындағы ең қиын кезеңді өтіп берді. Мұның бәрін өзіміздің қазақтар істеп отыр. Қазақтар осындай шыңға жетіп отырған кезде жоғарыда отырған ағаларымыздың біреуінен болсын жақсы сөз естиін десең, сыйлап жүргендердің өзі жаман сөз айтады. Бұған дейін сыйлап жүрген ағаларымыздың бірі "Өй, Қоянбаев деген сайқымазақ, Тұрсынбек деген сайқымазақ" деп айтыпты. Оған қарап тұрасың да кейде ренжисің", - деді актер. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Көңіл-күйді көтеру үшін не жеу керек?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!