Абьюзер-әйел қандай болады? Психолог жауап берді

Қазір қоғамда ер адам тарапынан көрсетілетін абьюз түрі жиі айтылып жүр. Десе де абьюзді тек ер адамдар емес, әйелдер де жасайды. Абьюзер-әйел қандай болады? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне психолог Айнұр Мұханқызы жауап берді.

"Абьюз" термині ағылшынның "abuse" сөзінен шыққан: ол "қиянат жасау, қорлау" дегенді білдіреді. Абьюздік қарым-қатынаста агрессор мен құрбан болады.

"Абьюз" сөзінің өзі біздің тілге ағылшын тілінен енген. Қазақша мағынасы - зорлық-зомбылық көрсету болса, жалпақ тілмен айтқанда әлімжеттік жасау дер едім. Зорлықтың бірнеше түрі бар. Кең тараған түрлері: физикалық, сексуалды, эмоционалды және қаржылық. Әдетте, ер адамдардың физикалық күші көбірек болғандықтан, ер адам тарапынан физикалық және сексуалды зорлықтың түрі жиі кездеседі, қаржылай қысым көрсету де аз емес. Ал әйелдер көбінесе эмоционалды абьюзді қолданады", - дейді психолог.

Маман абьюзер-әйел серігін алдап-арбап, манипуляция жасауы мүмкін екенін айтты.

"Абьюздің негізгі мақсаты - өз үстемдігіңіді орнату, бір адамды еркінен тыс өз пайдаң үшін қолдану екенін ескерсек, әйелдер тарапынан алдап-арбау және манипуляция жасау жиі кездеседі. Иә, иә, өз басының пайдасы үшін түрлі психологиялық техникалар қолданып, манипуляция жасау - абьюздің айқын көрінісі", - деді ол.

Айнұр Мұханқызы әйелдер тарапынан жасалатын абьюздің белгілерін атап өтті:

1.Сөзбен намысын қорлау.
- Еркек емес, езсің!
- Қолыңнан түк келмейді!
- Ақымақсың және т.б.

2. Құнсыздандыру, салыстыру
- Ой, бәленшенің күйеуі миллиондап табады, сенің айлығың түкке тұрғысыз…
- Соны да маған жетістік деп мақтанып айтып тұрсың ба?
- Қойшы мақтанбай, екінің бірінің қолынан келеді…
- Болмайтын нәрсеге көңіліңді түсірме… және т.б.

3. Кінәлау
- Осы саған тұрмысқа шықпағанымда…
- Осы сен болмағанда…
- Сенің сөзіңнен аса алмай, отырмын енді… және т.б.

4. Өзін жоғары санау
- Осы мен болмасам, адам болмас едің..
- Осы мені алмасаң, көшеде қаңғып қалушы едің және т.б.

5. Орынсыз қызғану, шектен тыс бақылауда ұстау
- Сенің мінезің өзгеріп жүр, біреуің бар сияқты…
- Телефоныңның құпия сөзін айт, ашып бер…
- Маған мүлдем көңіл бөлмей кеттің, демек басқа біреу тауып алғансың... және т.б.

6. Ең қызығы - шектен тыс өбектеу. Бұл кезде әйел ер адамның күшіне күмәнмен қарап, ер адамның мүмкіндіктерін құнсыздандырады. Өзі болмаса, ер адам аш қалатын сияқты, өз тамағын өзі іше алмайтын сияқты өбектей береді. Бұл жағдай тек тамаққа қатысты емес, өмірлерінің барлық саласында орын ала бастайды. Мысалы, "Ой, қойшы, сен қазір бір нәрсесін дұрыс жасамайсың, өзім әдемілеп жасап берейін" (Түпкі мағынасы - сенің дұрыс жасай алатыныңа сенбеймін, ондай күшің жоқ) және т.б.

7. Балаларын әкесіне қарсы қою. Анасы балаларына олардың әкесіне деген жағымсыз қарым-қатынасын ашық көрсетеді, оның артықшылықтарына көз жұмып, кемшіліктерін айта береді. Мұндай токсик әрекет бүкіл отбасыға, балаларға да, серігіне де ауыр тиеді.

"Бұл атап көрсеткендерім сіздің бойыңыздан табылса, демек абьюздік қатынасқа бейімділік бар екенін білдіреді. Мұндай қатынастан шығудың бірден бір жолы - құрметтеу. Екі жақ та бір-бірін тұлға ретінде құрметтеп, мойындап, сыйлайтын болса, екінші біреудің алдында үстем болудың, өзін күшпен мойындатудың қажеттілігі болмайды. Сондай-ақ, қандай жағдай болмасын, ешкім де екінші біреуге әлімжеттік жасауға ар алдында да, заң алдында құқығы жоқ", - деп кеңес берді психолог.

Оқи отырыңыз: Абьюзерге тән 8 белгі