- Негізгі бет
- LifeStyle
- Үйіңіз су тасқыны...
Үйіңіз су тасқыны салдарынан суға кетсе, не істеу керек? Заңгер кеңесі
Қазір елде су тасқыны мәселесі ырық бермей тұр. Тілсіз жауға төтеп беру қиынға соғып жатыр. Көптеген ауыл тұрғындарының үйлері суға кетті. Су тасқыны салдарынан үйіңізді су басса, қандай көмек ала аласыз? Бұл сұраққа заңгер Думан Көпбаев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман мұндай жағдайда біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.
"Әлеуметтік көмек көрсету бойынша 50 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі, бұл 184 600 теңгеге тең. Ол үшін әкімдікке немесе ауылдық округ әкіміне келтірілген залал фактісін растайтын өтінішпен және құжаттармен (ТЖ органдарының анықтамасымен) жүгіну қажет", - дейді заңгер.
Заңгер сондай-ақ зардап шеккендерге жергілікті бюджет қаражатынан төлемдер көрсетілетінін ескертті.
"Жылжымайтын мүлікке (үйге, ғимаратқа), жылжымалы мүлікке (автокөлікке, ауыл шаруашылығы техникасына және т.б.), малға және т.б. залал туындаған кезде зардап шеккендерге жергілікті бюджет қаражаты есебінен төлемдер көрсетілетін болады. Ол үшін жергілікті әкімдіктерге өтінішпен жүгініп, жоғалған мүліктің тізбесін және меншік құқығын тіркеу туралы растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Мал бойынша АЖТ (ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу) жүйесінде тіркеу қажет. Залалдың мөлшерін жергілікті атқарушы органдар тәуелсіз сараптама жүргізу арқылы айқындайды", - дейді Думан Көпбаев.
Өрт немесе дүлей зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға жоғалған, бүлінген, мүлікке елеулі залал келтірілген кезде отбасына әлеуметтік көмек көрсету заң бойынша қарастырылған. Көмек алуға қойылатын талаптар: табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру.
Әлеуметтік көмек алу үшін қаланың, ауданның халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі атқарушы органына немесе тұрғылықты жері бойынша ауыл, ауылдық округ әкіміне мынадай құжаттармен жүгіну қажет:
- жеке басын куәландыратын құжат;
- адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;
- табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне келтірілген залал фактісін растайтын құжаттар.
Еске салайық, еліміздің бірнеше өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Ақтөбе облысының үш ауданында, Абай облысындағы екі ауданда, Көкшетауда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ Қостанай облысы мен БҚО-да құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
А. Жапатова