"Жер сілкінбесе болар еді". Алматыда құстардың тосын әрекеті желі қолданушыларын шошытты

"Жер сілкінбесе болар еді". Алматыда құстардың тосын әрекеті желі қолданушыларын шошытты
Фото: Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде бүгін түнде Алматының аспанында құстардың жиналып, мазасызданып, аспанда біршама уақыт ұшып жүрген видеосы пайда болды. Бейне астына желі қолданушылары түрлі пікір қалдырып, кейбірі мұны тіпті құстардың жер асты дүмпулерін болжай алатынымен байланыстырған. Құстар шынымен де табиғи зілзаланы сезе ала ма? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтың жауабын білу үшін орнитолог (құстарды зерттейтін ғалым) Николай Валентиновичке жүгінді.

Видео ақын, философ Мұратхан Шоқанның Facebook-парақшасында жарияланды. 

"Түнгі сағат 00:28. Қарғалардан аспан көрінбей қалды. Түнделетіп қайдан ауып келді?
1. Қарға - өте ақылды құс. Жаңғақты аспаннан жолға тастап жарып жейді. Құмырадағы орта суға тұмсығы жетпесе тас салып деңгейін жоғарылатып ішеді.
2. Қарға - өте берекелі құс. Топтасып ғұмыр кешеді. Топтасып ұя салады. Бір қарғаны мысық, не жыртқыш құс ұстап алса, құтқарып алу үшін бәрі жабылады. "Қарға қарғаның көзін шұқымайды." Бұл сөз текке айтылмаған.
3. "Қолыма қарға тышты" дейді. Бұл сөз бекер айтылмаған шығар. Қарғаның ұясына алтын, күміс, жылтыраған заттарды таситын әдеті бар.
4.Қарға - өте опалы құс. Кәрі қарға ұшудан қалғанда, жас қарғалар асырап бағады. Қазақ баласын қарғам дейтін себебі қартайғанда асыраушым дегені болар", - деп жазған ол. 

Бұған ақынның оқырмандары түрлі пікір жазған. Бірі мұны көктемнің келгенін айтып, жақсылыққа жорыса, енді басқасы бұл жер сілкінісінің алғашқы белгісі екенін айтқан.

"Жер сілкінбесе болар еді", "Бірнәрсені сездіріп тұр, құдай сақтасын", "Не болды екен?", "Бағана, күндіз де байқалған, осындай топ ұшыс... ләйім, тыныштық болғай!..", "Ненің белгісі екен, қандай құс?", "Ұзақ қарға болар, көктемнің хабаршысы. Бұйырса бір аптадан қалмай қар кетеді", - деп жазған олар. 

Орнитолог маманы не дейді?

Маманның сөзінше, Кеңес заманында да сейсмологиялық бекеттерде жануар мен құстың түр-түрін ұстап, зерттеген.

"Негізі Кеңес заманында Шамалғандағы сейсмологиялық бекетте жер сілкінісін болжау үшін жануардың түр-түрін ұстаған. Құстың тотықұсынан бастап қарғасына дейін, бірақ құстардың жер асты дүмпулерін алдын ала сезетіні туралы ақпарат расталмады. Бұдан бөлек, менің өзімнің үйімде де қаншама үй жануары мен құстар бар. Қаңтар мен наурыздың басында жер сілкінісі кезінде үйімдегі тотықұс, ит, мысық, сурикат бәрі жәй ғана ұйықтап жатты, үкі ғана көзін жыпылықтатып отырды", - дейді орнитолог.

Дегенмен де маман жер сілкінісін сезетін құс бар екенін жеткізді. 

"Осыдан 20 жыл бұрын үйімде шымшық асырайтын едім. Бір күні түнгі сағат 02.00-де шымшықтар шулай бастады, 2 минуттан кейін жер сілкінісі болды. Әрине, мен ешнәрсе жасап үлгермедім. Оның үстіне олар жер сілкінісінің өзінен қорыққан болуы мүмкін, өйткені арасы 2 ғана минут қой. Бұл болжам ресми дәлелденбегенін ұмытпау керек", - деді Николай Валентинович.

Сонымен қатар, орнитолог видеода ұшып жүрген бір топ құсқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, құстар ауа райының қолайсыздығына байланысты жиналған болуы мүмкін.

"Видеоға келер болсақ, кеше Алматыда күшті боран болды ғой, сондықтан құстар жәй ғана түнеп шығатын орын іздеген болуы мүмкін. Тапқан орындарына таласып, өзара ұрысып, қарқылдағанына адамдар шошынған шығар", - дейді маман. 

Николай Валентинович жер сілкінісін алдын ала құс емес, жылан сезуі мүмкін екенін айтты.

"Негізі құс көрсеткіш емес. Ел арасында жер сілкінісін алдын ала құс емес, жылан сезуі мүмкін деген пікір бар. Кеңес заманында ұқсас жағдай болған. Бір күні бірнеше жылан таңертең жер бетіне шығып, бір-бірінің артынан жүрген. Мұны көрген адамдар, бұл жақсылықтың белгісі емесін сезіп, қорқа бастапты. Артынша жер сілкінісі тіркелген. Жылан өте сезімтал ғой, сондықтан болар. Балық та жер дүмпуін сезеді деген пікір бар, айта берсең көп.

Бірақ мұның өзі дәлелденбеген тұжырым, өйткені егер жануар шынымен де табиғи зілзаланы сезетін болса, бұған дейін жер сілкінісі болған барлық мемлекет бәрін алдын ала біліп, қамданатын еді ғой. Бұл тұжырымды растау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, біршама уақыт бақылау керек", - деді орнитолог Николай Валентинович.

Айта кетейік, бұған дейін этнограф Болат Бопайұлы ертеде адамдар жер сілкінісін алдын ала қалай білгенін әңгімелегені хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Ораза – 2024. Сәресі мен ауызашарда дәрет алу керек пе?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә