"11 ай "боқ" жеп - бір ай ашыққаннан пайда жоқ!" Желіде Оразаға қатысты жазба дау туғызды

"11 ай "боқ" жеп - бір ай ашыққаннан пайда жоқ!" Желіде Оразаға қатысты жазба дау туғызды
Фото: pixabay

Әлеуметтік желіде "үнемі "таза" жүретін адамға ораза ұстаудың қажеті жоқ" деген желі қолданушысының пікірі қызу талқыға түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тортуыл Шоқан есімді Facebook қолданушысы ораза кезінде науқан басталатынын айтады.

"Естеріңде болсын! Күнде "таза" жүрген адамға жылына бір келетін оразаны ұстап қажет емес! 11 ай "боқ" жеп - бір ай ашыққаннан пайда жоқ! Бай байға, бар барға, кедей кедейге ас береді. Ауызашарда түскен фотоларды қарасаң - 11 ай "труси кимегендер" бастарына орамал байлап алып, құдды бір қыздығы алынбаған қызша қымсынады. Еркегі ол: 11 ай адасып табылған адамша - үй ішін, ағайынын жаңа көргендей әуектейді. Әй, осының бәрін күнде істеуге болмай ма, а? Науқаншылықтан арылған дұрыс, Ағаеен!" - деп жазды ол (жазба ешқандай өзгеріссіз алынған - еск.)

Facebook-те адамдар бұл жазбаға әртүрлі пікір білдірген. Бірі Рамазан күнәдан арылатын ай десе, енді бірі даулы пікірді қолдаған.

"Мен жылда ұстаймын, биыл да ұстауға дайындалып жүрмін. Арықтау үшін емес, оразадан кейін жылда өмірімде үлкен өзгерістер болады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол. Алдан жақсы жаңалықтардың есігі ашылады",

"Ораза ұстау тек аузынды тыю ғана емес, ойыңды, жан дүниенің тазалануы деп ойлап ораза ұстаймын. Бәрі үшін жауап бере алмаймын, өз басым сабырлыққа, әр нәрсенің қадірін білуге, сыйластыққа үйренемін", "Оу ораза ұстайтын қауым,ораза қайдан қалай пайда болды,шығу тарихын айтып жіберіңіздерші,қазақтың наным сенімі мен салт дәстүрінде ежелден келе жатқан болса таласым жоқ,ал егер дінмен ілесіп келген болса әңгіме басқа", "Маған ораза ұстайсыз ба дейді клиенттерім, тура осылай айттым, жыл он екі ай дұрыс тамақтанатын адамға ораза не керек? Ораза денсаулығын түзеткісі келетін жандарға берілген мүмкіндік, шындап келгенде мұсылмандарға міндеттелген деп айтқанымен астарында сол ғана",

"Әрине, сенімді қоя тұрып, ең бірінші денсаулыққа өте зиян ғой, 12 сағат уақытымен тамақ ішпеу, түнде тоя тамақ жеу, масқара ғой асқазанды бүлдірмей ме", - деп жазған олар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2024 жылғы діни күндер кестесін бекітті.

2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталды. Ал Қадір түні 6 сәуірге қараған түнге сәйкес келсе, Ораза айт 10 сәуірде болады.

Еске салайық, бұған дейін Muftyat.kz инстаграмдағы парақшасында жас балаларға ораза ұстау міндеті туралы айтылған еді. 

Балиғат жасына жетпеген бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

"Үш адамнан (амал дәптерін жазатын) қалам көтерілді: айыққанға дейін жынданған адамнан, оянғанга дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан".

Балиғат жасы ер балалар үшін 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы. 

Ауырған адамның ораза ұстауына бола ма?

Оразаның себебінен ауру асқынып кететін болса немесе баяу жазылатын болса, ораза тұтпауға болады. Тіпті аузын ашпаған жағдайда көзі қатты ауырса немесе ыстығы көтерілсе, оразаны бұзуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, науқас төсек тартып жатып қалса, тұрып намаз оқуға шамасы келмей қалса да аузын ашуға болады. Әрине, бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Емделіп болғаннан кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова