"Батыр менің сүйенішім болды". Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы Орынша Қарабалина марқұм ұлдарын еске алды

"Батыр менің сүйенішім болды". Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы Орынша Қарабалина марқұм ұлдарын еске алды
Фото: Видеодан алынған кадр

Белгілі ұстаз, Кеңес одағының саяси қызметкері Ұзақбай Құлымбетовтың қызы, жазушы, мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы, 92 жастағы Орынша Қарабалина "Assyltas TV" YouTube-арнасына берген сұхбатында марқұм ұлдарын еске алып, көзіне жас алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарт ананың айтуынша, екі ұлы Нұртас және Батырдың қазақ қоғамы үшін қалдырған мұрасы көп. Кәкімжан Қазыбаев пен Орынша Қарабалинаның тұңғышы Нұртас Қазыбаев білікті дәрігер болған. 

"Тәрбие отбасыдан басталады. Кәкеңнің жүріс-тұрысының, сөйлеген сөзінің өзі ерекше еді. Көп насихат жүргізбейтін. Қонаққа барып келсе, үйге келіп әңгімелейтін, ол кеткеннен кейін мен әңгімелейтін болдым. 

Ал Нұртасым 1997 жылы ауруханада алғашқы істеп жүрген кезінде америкалық бір жігітке ота жасаған. Ота жасағаннан 3 күннен кейін ол жігітті арнайы ұшақпен АҚШ-қа алып кетіпті. Ол америкалық жігіт 3 айдан кейін демалыс күні үйдегі телефонға қоңырау шалды. Алып қалсам біреу ағылшынша сайрап тұр. Нұртасқа бердім, сөйтсем сол жігіт екен. Сөйлесіп болған соң маған келіп, "анашым, алдында сізге америкалық бір жігітке ота жасадым деп айтып едім ғой, сол жігіт хабарласып алғысын білдіріп жатыр, "Қазақстанда осындай ота жасайтын білікті маман бар екен ғой" деп ұғып жатыр. Енді сол еңбегімді бағалап, маған 250 мың доллар беремін дейді" деді. Ал Нұртас ол қаражатты тек жеке басына жұмсаудан бас тартыпты, ол оның орнына ауруханаға арнайы аппарат сұратыпты. Америкалық жігіт ашуланып, "ақшаны тек өзіңе беремін, бұл сенің еңбегіңнің ақысы, болмаса бермеймін" деген, Нұртас болса, "өзің біл" деп қойыпты. Баламның бұл шешіміне таңданып, "балам-ау қызықсың, неге бас тарттың? Астыңда көлігің жоқ жаяу жүрсің, басыңда баспанаң жоқ, мен мына үйді Батырға қалдырамын деп отырмын" дедім. Нұртасым "жоқ, мен сұраған аппарат болмаса, менің қолым байланады" деп айтты. Америкалық жігіт бір жұмадан кейін хабарласып, келіскенін айтыпты, ұлым сұратқан аппаратты алып берді. Нұртасымның қуанғанын көрсеңіз. Бір күні маған келіп, "анашым, республика бойынша белгілі бір отаны бірінші рет мен жасап жатырмын" деп қуанды. Ол аппарат бүгінге дейін істеп тұр, қазір сол ауруханада", - деді ол.

Белгілі ұстаз тұңғышының қазасы өзін қатты қинағанын жеткізді. 

"Кейін тұңғышым Нұртасым қайтыс болды, жыладым, жалбарындым, Батырым маған "анашым, жыламашы, мен бармын ғой" деп мені жұбатуға тырысты. Әрине, Батырым бар ғой, менің тілеуім сол баламның тілеуі ғой. Тек мен өзімді "неге 3 баламен қалдым?" деп кінәлап жатырмын. Қазақтар көпбалалы болады ғой, бірақ Кәкеңнің жүрегі ауыратын. Маған "менің жүрегім ауырады, бұдан артық балаларды оқыта алмаймын" деп айтты. Мен Батырымды дүниеге әкелемін дегенде "Нұртас пен қызымызды өсірейік, жетілдірейік, оқытып-тоқытайық, олар өскен соң, үйленіп, балалы-шағалы болады, солардың қызығын көріп отырайық. Мені қинамашы" деген еді", - дейді қарт ана. 

Тұңғышынан айырылған анамызға Батыр ұлы сүйеніш, қорған болыпты.

"Батыр менің сүйенішім болды. Батырдың арқасында не жеймін, не ішемін деп уайымдамадым. Кәкең идеологияның басшысы болып, республиканы басқаратын адамның бірі болғанымен, дастарханымыз толмайтын, қымбат балықты анда-санда жейтін едік. Ал Батыр балам өзгеше. Мен оған "балам, дастархан үнемі толып тұрады, қонақ та көп келмейді, кейде байқаймын ас төгіліп жатады" дегенімде, "анашым, келініңізге дастархан толып тұрсын деп айтқанмын, жегенінше жейді, қалғанын беретін адам бар ғой, қонақ та көп келсін" дейтін. Батыр балам демократияның адамы еді. Денсаулығымды тексерту үшін ауруханаға баруым керек болған күні өз көлігін маған беріп, жаяу кететін немесе такси шақыратын. Ол үлкен компанияны басқарып отырғанына қарамастан, кеңсесінен бір көлік шақыртпайтын еді. Батыр ондайды жақтыртпайтын. 

Тіпті өзі сырқаттанып жатқан күнінде де, әкімдіктен мені марапаттау үшін шақырған кезде, қинап жіберетін. Қайбір жылы жиналыс жасап маған 30 жылдыққа медаль табыстайтын болды. Мені қоймай шақырды, мен "балам ауырып жатыр, бара алмаймын" деп бас тартатынмын. Сонда Батырым естіген болар мені шақырып, "анашым, мемлекеттік медальді екінің бірі алып жатқан жоқ, сені елеп-ескеріп шақырып жатыр, барып алып келіңіз, мен ешқайда кетпеймін" деді. Медальімді алып келген соң көрсетуімді сұрап, "енді мұндай жерден қалушы болма" деп кетті. Батырым керемет бола болды, барлық жерде үлгеретін, артына қаншама компания тастап кетті. Батыр балам өмірдің батыры болды.

Менің екі ұлым да өмірден 53 жасында өтті. Кейбір 70-80 жастағы академиктердің тастап кеткен мұрасынан, менің екі ұлымның мұрасы керемет", - деді Орынша Қарабалина.

Тағы да оқи отырыңыздар: Орыс әскерлері Шымкент қаласын қай жылы басып алды?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә