"Жұмысқа кеткенде қайтып келе ме білмейтінбіз". Әнші Нұржан Керменбаев әкесін еске алды

"Жұмысқа кеткенде қайтып келе ме білмейтінбіз". Әнші Нұржан Керменбаев әкесін еске алды
Фото: youtube.com

Елге "қапқарашка" атымен танылған әнші Нұржан Керменбаев "Ұрпақ" подкасында балалық шағы және әкесі жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Нұржан Керменбаев әкесінің қабағына қарап өскенін айтты.

"Марқұм әкем кенші болып жұмыс істеді. Әкем көбіне жұмыста болатын. Әкемнің қабағына қарап жүретінбіз. "Әкең жұмыстан келеді, ұйықтайды, тыныш жүріңдер" дейтін анам. Анама жақын болдым, ұл бала анаға жақындау болады ғой. Бірақ әке тәрбиесін де алдым. Таяқ та жеген күндерім болды. Әкем қатты қатал болды дей алмаймын, бірақ бұзық болған кездерімде (мен бұзық болдым) қатты болды", - дейді әнші. 

Әнші әкесінің жұмысына барған кездерін еске алды. Ол әкесінің кенші болғанын айтты.

"Мен ол кісіні отбасының қорғаушысы, жанашыры ретінде көретінмін. Мен ол кісінің жұмыстан шаршап келетінін көретінмін. Енді шынымен де шахтерлардың жұмысы оңай емес. Бірге шахтаға да барып көрдім. Ол кездері үйге ыстық судың келуі қиын болатын. Ал шахтада ыстық су бар. Әкем екеуміз жуынуға баратынбыз. Сондай-ақ шахтерларға өздерімен бірге жер астына алып кетуге кішігірім тамақ дайындап беретін, оның ішінде шұжық болатын. Ол кезде шұжық таптырмайтын өнімнің бірі. Ал әкелерім күнде жейтін болғасын жалығып, кейде үйге алып келетін. Мен бала кезімде сол шұжықты жегенді қатты жақсы көретін едім. Мен оның шахтадан жердің астынан шығып келе жатқанын да, жер астына кіріп бара жатқанын да көрген кездерім болды. Сол кездегі жүзі әлі күнге дейін есімде: беті қап-қара, басында каска, шамы бар, ал аяғында ауыр етік. Әкемді үйдің басты қаһарманы деп көретінмін. Әкем біз үшін, біз қатарынан қалмасын деп барынша жұмыс жасады, сол үшін ата-анама алғысым шексіз", - деді Нұржан Керменбаев.

Нұржан Керменбаев әкесінің ауыр дертке шалдығып, қайтыс болғанын айтты.

"Кеншілердің шахтаға түсуі соғысқа барып келумен тең деген сөзді естідім, авторын ұмытып тұрмын. Кенші жер астына түскен кезде түсіп бара жатып қайта көтеріле ме оны білмейді. Бұл қауіпті жұмыс орындарының бірі. Расымен де, әкеміз жұмысқа бара жатады, ол қайтып келе ма жоқ па біз де білмейміз. Әкем сол ылғалдылықтан, жұмыстың кесірінен жаман ауруға шалдықты. Ол ұзақ уақыт бойы белгі бермеген ауру болды. Ол бұл дертпен жарты жылдай алысты. Әкем 2010 жылы қайтыс болды", - дейді ол. 

Әнші әкесінің көзі тірі кезінде оларды Алматыға көшіріп алмағанына өкінетінін айтты.

"Мен 2006 жылы "Супер Старда" жеңімпаз болғаннан кейін Алматыға келіп, продюсерлік орталықпен келісімге отырдым. Келісімім 10 жылға болды. Мен ол кезде 17 жастамын. 2010 жылы 21 жастамын. Осы 17-21 жас аралығында "әке-шешемді Алматыға көшіріп алайын, оларға жақсы өмір сыйлауға тырысайын, жақсы қалада тұрғызайын" деген ой болмапты. Бұл менің ішімдегі өкініш. Мен 22 жасымда ғана ояныппын", - дейді әнші.

А. Жапатова