"Көзім көк болып туған соң "менің балам емес" деп тастап кеткен". Әкесін іздеп келген әйел күтпеген жаңалық естіді

Өзін тастап кеткен әкесін іздеп жүрген павлодарлық әйел "Астарлы ақиқат" бағдарламасынан көмек сұрап келген. Оның айтуынша, әкесі қызының көзі көк болып туылғанын көріп, "менің балам емес" деп кетіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар қаласының тұрғыны Лебаева Эльвира "Астарлы ақиқат" бағдарламасына мынадай хат жолдаған:

"Мен әкемді тапқым келеді. Ол кісі 1988 жылы мен дүниеге келген кезде бізді презентханадан шығарып алған. Алайда мен көзім көк болып туылыппын, ол мені "менің балам емес" деп тастап кетіпті. ДНҚ тест жасап, дәлелдегім келеді".

Лебаева Эльвира әкесін 15 жылдай іздеген, бірақ еш нәтиже болмаған.

"Анамның айтуынша, орыстан тудың деп, ұрыс-керіс болып, сөйтіп, екеуі екі жаққа кетіпті. Анам мені алып кетіпті. Мендегі бар ақпарат оның суреті мен Асқаров деген тегі ғана. Алайда осы бағдарламаға қатысатын кезде анамнан тағы да сұрап едім, тегі басқа екенін және нақты туған күнін білдім. Оны тауып алады деп қорыққан шығар", - дейді ол.

Эльвираның анасы оның әкесінің ұлты қырғыз екенін айтқандықтан, бағдарлама қызметкерлері Қырғыз елшілігіне сұрау салған. Алайда қайғылы жауап алған.

"Біз іздеген кісі өкінішке орай 2017 жылы Қырғызстанда қайтыс болған. Бұл адам сіздің әкеңіз ба жоқ па білмеймін. Мен сенімді емеспін, әйтсе де әкеңіз болса, қайғырып көңіл айтамын", - дейді бағдарлама жүргізушісі.

Павлодарлық әйелдің мүмкін әкесінің Бішкекте балалары бар екені анықталды.

"Не айтарымды да білмей тұрмын. Қазақстанда әпкеміз бар екенін білгенімізге бір ай болды. Бастапқыда сенбедім. Елшілік қызметкерлері бұл ақпараттың сенімді екенін айтқаннан кейін ғана сендім", - дейді ол.

Олардың туыстығын анықтауға ДНҚ анализі тапсырылды.