Жүрек ауруын болдырмау үшін сағат нешеде ұйықтау керек?

Жүрек ауруын болдырмау үшін сағат нешеде ұйықтау керек?
Фото: ru.freepik.com

Дұрыс ұйықтамау ағзадағы көптеген бұзылыстардың себебі болуы және депрессияның пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сапалы түнгі ұйқы күштің қалыпқа келуіне және таңертең сергек оянуға көмектеседі. Сағат нешеде ұйықтау керек және ұйқы режимі жиі бұзылса не болады?

Ұйқы маманы және дәрігер Пуджана Парихтің айтуынша, ұйықтауға жату уақыты әр адамның циркадты ырғағына байланысты. Циркадты ырғақ дегеніміз – ұйқы мен сергектік циклін реттейтін ағзаның ішкі сағаты.

"Ғалымдар ұйықтауға арналған ең жақсы уақыт – 22:00 мен түнгі 12:00 арасы екенін байқаған. Алайда барлығы сіздің келесі күні қай уақытта оянатыныңызға байланысты", - деп түсіндірді Парих.

Көпшілік ересек үшін үзіліссіз 7-8 сағаттық ұйқы қажет. Егер адам таңғы 7:00-де тұрса, сағат 23:00-де ұйықтауға жатқаны жөн.

Егер үнемі жай ұйықтаса не болады?

Ұйқы режимін сақтамау миокард инфарктісінің қаупін арттыруы мүмкін.

"Уақытында ұйықтамау артық тамақтануға әкеледі, себебі бұл кезде аштық гормоны - грелиннің өңделуі артады. Сондықтан тәбетіңіз ашылады. Бұл қысқа уақыт аралығында артық салмаққа, ал егер бұл әдет ұзаққа созылса, жүрек-қан тамырлар асқынуларына әкелуі мүмкін", - дейді дәрігер.

Ұйықтай алмасаңыз не істеу керек?

Кейде адам қатты шаршаса да ұйықтай алмауы мүмкін. Төсекте 15-20 минут бойы ұйықтай алмай жату - қалыпты нәрсе. Алайда ұйықтай алмай жатқаныңызға 30 минут болса, орныңыздан тұрып мына нәрселерді жасаңыз:

  • Созылуға арналған жеңіл жаттығулар жасаңыз;
  • Кітап оқыңыз. Бірақ кітап қатты қызықты болмауы керек;
  • Ыстық ванна қабылдаңыз;
  • Табиғат дыбыстарын тыңдаңыз.

Оқи отырыңыз: Ұйқысыздықтан қиналып жүрсеңіз, мына нәрселерді жасамаңыз

А. Жапатова