"Ауыратлет Майя Манезаның күйеуі, өзі де спортшы": қайтыс болған Вячеслав Ершов туралы не белгілі?

"Ауыратлет Майя Манезаның күйеуі, өзі де спортшы": қайтыс болған Вячеслав Ершов туралы не белгілі?
Фото: ашық дереккөз

29 қаңтарда ауыратлет Вячеслав Ершов өмірден өтті. Ол қазақ спорты тарихында жарқын жетістіктерге жеткен. Massaget.kz тілшісі спортшы туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

Вячеслав Ершов 1980 жылы дүниеге келген. Спортшы - Азия ойындарының жеңімпазы. Ол бірнеше дүркін ел ішінде чемпионы атанған. Сонымен қатар, 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарының чемпионы болған, әлем чемпионатына да қатысқан. Ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 

Әлеуметтік желідегі парақшасынан

Вячеслав Ершов 2013 жылы Мая Манезамен отау құрған. Олардың тойы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары біраз шулаған еді. Желіде той кезінен суреттер де тарады. Ал сұхбаттарының бірінде спортшылар 2008 жылы танысқанын айтты. Сонымен қатар, ортақ ұя Қазақстаннан өз адамдарын тапқанын жеткізген болатын.

"Егер спорт болмаса, біз өмірде кездеспес едік. Мені Қазақстан құрамасына Ресейден, ал Майяны Қытайдан шақырды. Ол кезде Майя орыс тілінде сөйлемейтін, бірақ ағылшын тілін меңгерген еді. Біз тілдерді араластырып сөйледік. Мені оның күлкісі, ашық және мейірімді қалпы таңғалдырды", - деген еді ол.

Сонымен қатар, сұхбаттарында олар ата-аналары қарсылық танытпағанын да айтқан еді.

Ашық дереккөз

Заңды некеге тұрмастан бұрын Майяны қазақы әдет-ғұрып бойынша ұзатқан. Осыдан кейін ерлі-зайыпты жақындары және достарымен бірге заңды некесін қиюға барған. Салтанатты шараға сол кездегі Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ни, Майяның жеке жаттықтырушысы Виктор Ни және жаттықтырушы-кеңесші Энвер Туркелери қатысқан.

"Бірінші кезекте бізді спорт біріктірді. ...Біз спортшылармыз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Әрқашан сөйлесетін әңгіме бар", - деген еді ол бір сұхбатында.

Vesti.kz©

2013 жылғы тамызда олардың отбасында ұл дүниеге келді. Есімі - Арсений. Ал 2021 жылы спортшылар отбасы қызды болды.

"Достар, менің отбасымда бүгін өте маңызды, әсерлі әрі бақытты күн! Сүйікті күйеуім Вячеслав екеуміз керемет сәбидің ата-анасы болдық! Біздің Алина салмағы 4 келі және 54 сантиметр болып дүниеге келді! Көптен күткен қыз үшін Алла Тағалаға алғысым шексіз", - деп жазды Майя Манеза сол кезде әлеуметтік желіде.

Олар 2016 жылы Майя Манеза атындағы орталық ашқан. Бұл орталықта шығыс медицинасы және косметология қызметтері ұсынылады.

Бақытты жанұя көпке үлгі болып келген. Танымал журналист Анна Данченко да Вячеслав Ершовты жақсы танымағанымен, бірнеше рет сұхбат алғанда көзіне ақкөңіл, қарапайым болып көрінгенін, әрі Майямен әдемі жұп болғанын айтты.

"Мен ол кісіні жақсы таныдым деп айта алмаймын. Бірнеше рет сұхбат жазып, бағдарлама түсіргенім болмаса.. Өте ақкөңіл, қарапайым ер азамат еді. Еліміздің намысын қорғаған спортшы. Майя екеуі әдемі жұп еді. Екі балапандары бар. Өте өкінішті. Небәрі 44 жаста еді. Жатқан жері жайлы болсын! Жақындарыңызды бағалаңыздар!" - деп жазған ол.

Еске салайық, бұған дейін Альберт Линдер мен Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған еді. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде үшінші ауыр атлет өмірден өтті. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова