5G технологиясы қатерлі ісік тудыратыны рас па?

5G технологиясы қатерлі ісік тудыратыны рас па?
Фото: Freepik

Telegram арналарының бірінде 5G технологиясы қатерлі ісік ауруын қалыпты деңгейден шамамен 3-4 есе арттырып жіберетіні туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Видео Калифорния Ми ісіктері қауымдастығы өкілінің атынан шыққан. Бұл - 2009 жылы құрылған жеке меншік ұйым. Қауымдастық мүшелері ұялы телефондар қатерлі ісік ауруын тудырады деп мәлімдеген. Алайда мұны жоққа шығаратын зерттеу көп.

2022 жылы Journal of the National Cancer институтында Ұлыбританияның миллион тұрғыны қатысқан эксперименттің нәтижелері жарияланды. Ғалымдар радиожиілік сәулеленуінің әсерін зерттеді. Қорытындысы анық: ұялы телефонды пайдалану мен ми ісігінің арасында байланыс жоқ.

5G желісі пайда болғаннан кейін калифорниялық қауымдастық оған да белсенді қарсылық таныта бастады. 2019 жылдан бері 5G туралы қастандық теориясы пайда болды. Оны жақтаушылар технология адамдарды өлтіру үшін әдейі жасалғанын мәлімдеді.

5G - кең жолақты ұялы желілер үшін қолданылатын ең жаңа технологиялық стандарт. Ұялы байланыстың бесінші буыны жоқ жерден пайда болған жоқ, ол 3G мен 4G алмастырады. 

Аустралияның онкологиялық кеңесінің порталында 5G технологиясы ұялы телефондар мен базалық станциялар арасындағы байланыс үшін қолданылатыны жазылған. Бұл - радиожиілік электромагниттік энергия. Ол ДНҚ-ға зақым келтірмейтін иондаушы емес сәулеленудің бір түрі.
Жаңа буындағы желілер адам денсаулығына кері әсер ететініне ешқандай дәлел жоқ. Бұл туралы ДДСҰ сайтында айтылады.

Еуропарламент комиссиясы 2021 жылы 5G технологиясы адамдар үшін қауіпсіз екенін мәлімдеді.
2023 жылғы наурызда 5G Қазақстанда енгізіле бастады. Алғашқы базалық станциялар Алматы мен Шымкентте орнатылды.

Басылым мәліметінше, 5G пайдаланылған кезеңде де ғалымдар зерттеу жүргізуді тоқтатқан жоқ. Бүгінгі таңда беделді дереккөздердердің ешқайсында жаңа технология денсаулыққа қауіпті екені хабарланған жоқ. Демек, Telegram арнадағы жазба - фейк.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова