Түстердің қымбат көрінетін 5 үйлесімі

Түстердің қымбат көрінетін 5 үйлесімі
Фото: ru.pinterest.com

Бастан-аяқ бір түсте немесе бір түске жататын әртүрлі реңкте киіну, сөзсіз, стильді әрі сәнді көрінеді. Алайда бір киім үлгісіне бірнеше түстерді қолдану арқылы оны ерекше әрі қызықты етуге болады. Бірақ бір-бірімен үйлесетін реңктерді таңдау оңай емес. Сондықтан назарларыңызға әрдайым табиғи, қымбат және стильді көрінетін әмбебап түстер үйлесімін ұсынамыз.

Көгілдір мен сары

Үйреншіксіз түстер үйлесімі күнделікті киім үлгілерін ерекшелеуге және қосымша қаражат жұмсамай-ақ гардеробты жаңа үлгілермен толықтыруға көмектеседі. Ұтымды үйлесімдердің біріне көгілдір + сары жатады. Бұл кезде оның біреуін ашық түс етіп, екіншісін жұмсақ палитрада таңдаған жөн. Мысалы, нәзік көгілдір шалбарды өте қанық сары жейдемен немесе көгілдір белдемшені лимон түстес жемпірмен киіңіз.

Ақ пен қара

Ақ пен қарадан артық әмбебап түстер үйлесімі жоқ. Бір-біріне қарама-қарсы бұл екі түсті үйлестіріп киюді мектеп кезінен бастап үйретеді. Алайда ол қазіргі кезге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Түрлі ақ және қара киімдерді бір-бірлерімен үйлестіріп, көп киім үлгісін шығаруға болады. Ақ және қара түсті киімдерден классикалық, трендті, базалық және күнделіктіге арналған киім үлгілерін жасауға болады. Қара киімді үстіге немесе астыға кию керек деген нақты ереже жоқ, бастысы, мұндай түстердегі киімдерді аларда оның дизайны мен материалына мән беріңіз.

Қызыл мен алқызыл

Көпшілік бұл түстер үйлесімінен қашады. Алайда олар бір-бірімен жақсы жарасады. Оған қоса бұл түстер үйлесімі көптеген брендтердің 2022 жылғы көктем-жаз топтамаларында кездесті. Мұндай түстердегі киімдерді үйлестіру үшін оларда ешқандай принт болмауын қадағалаңыз.

Қара мен жасыл

Қанық жасыл реңк — соңғы бірнеше маусымның басты трендтерінің бірі. Қара мен жасыл үйлесімі әрдайым қымбат көрінеді.

Қызыл мен көк

Гардеробты түрлендірудің тағы бір қызықты әдісі — қызыл мен көк түсті киімдерді үйлестіру. Бұл екі күшті түс эстетикалық және қызықты көрінеді. Олар топ пен шалбар болуы мүмкін. Сондай-ақ ол көйлекке немесе шалбарлы костюмге таңдалған аксессуар болуы мүмкін.

А. Жапатова