Әр әйелдің гардеробында болуы керек 3 джинс шалбар

Әр әйелдің гардеробында болуы керек 3 джинс шалбар
Фото: pinterest.ru

Ыңғайлы және стильді киім үлгілерін жасауға гардеробқа 3 джинс шалбары жеткілікті. Джинс шалбарының қандай түрлеріне мән берген жөн және оларды немен үйлестіруге болады?

Кең джинс шалбар

Осы маусымның тренді — сөзсіз, кең джинс шалбар. Ол қаншалықты кең болса, соншалықты жақсы. Шалбардың бұл түрі өзінің ыңғайлылығымен көпшіліктің жүрегін жаулап алды.  Мұндай шалбар әзір сәннен шықпайды, сондықтан оның өзіңізге келетін түрін алу артық етпейді. Ол визуалды түрде бойды ұзартып көрсетеді. Кең джинс шалбарларды барлық премиум және масс-маркет брендтері ұсынып отыр. Сондықтан оны табу қиынға соқпайды.

Мұндай шалбармен үстіңізге қысқа топтар, майкалар және футболкалар киюге болады. Киім үлгіні қазір сәнге айналған пиджакпен немесе жакетпен толықтырыңыз.

Тік джинс шалбар

Бұл сәннен ешқашан шықпайтын классикалық үлгі. Бір маусымнан келесісіне тек шалбардың ұзындығы ғана өзгеріп тұрады. Мұндай джинс шалбар өзектілігін жоғалтпас үшін оның орташа ұзындықтағы (тобықтан тұратын) түрін таңдаған жөн. Сол кезде оның ұзындығын өзіңіз өзгертіп отырасыз: кейде сол күйінде қалдырып, кейде балағын қайырасыз.

Мұндай шалбар іскерлік киім үлгісіне жақсы келеді. Оны жай табанды аяқ киімдермен кие беруге болады. Ал егер биік өкшелі аяқ киім кигенді ұнатсаңыз, оны тік өкшелі туфлимен (шпилька) үйлестіріңіз.

Клеш джинс шалбары

Бұл 70-ші жылдары сәнде болған шалбар түрі. Клеш шалбарға деген сән қайта оралды. Джинс клеш шалбарлар кешкі киім үлгілерінде ұтымды көрінеді.

Оны көлемді жейдемен, жакетпен және биік өкшелі аяқ киіммен толықтырыңыз. Ал күнделікті жүріске оны қысқа топпен немесе майкалармен киіңіз.

А. Жапатова