Қалыңдық гүлін таңдауға бірнеше идея

Қалыңдық гүлін таңдауға бірнеше идея
Фото: unsplash.com, pinterest.ru

Қалыңдық гүлі — той көйлегін толықтыратын маңызды құрауыш. Осы мерзімде қандай гүлшоқтары өзекті болатынын ұсынамыз.

Бір гүлден тұратын букет

Әдетте, қалыңдықтың гүлшоғы салтанатты болады және көп гүлден тұрады. Алайда қазір бір ірі гүлден дайындалған гүлшоқтары кең тарауда. Мысалы, бақытгүл, таушымылдық (пион), үлкен раушан немесе қандай да бір экзотикалық гүлді аздап шөптермен толықтырады. Мұндай гүлшоқ өте ерекше көрінеді. Той бір стильде болғанын қаласаңыз, тортты немесе қонақтарға арналған үстелді гүлшоқ реңкінде безендіріңіз.

Пампас шөбі және кептірілген гүлдер

Кептірілген гүлдер бірнеше мерзім қатарынан өзекті болып келе жатыр. Кептірілген өсімдіктерден дайындалған ерекше гүлшоқ жазғы тойға керемет келеді. Қалыңдық гүлін дайындауға жиі лаванда, мақта, эвкалипт жапырақтары, кермек қолданады. Мұндай гүлшоқ үлдір немесе бохо стиліндегі көйлектермен жақсы үйлеседі.

Ранункулюс шоғы

Ранункулюс — азиялық сарғалдақтың (лютик) екінші атауы. Олар қарапайым сарғалдақтың сәндік «туысы» болып келеді. Күлгін, қызыл, ақ, қызғылт-сары: оның әртүрлілігі мен сұлулығы гүл өсірушілерді ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қалыңдықтарды да баурап алды. Соңғы кездері осы гүлдерден тұратын той гүлшоқтары танымалдыққа ие.

Дала гүлдері

Дала гүлдерінен тұратын гүлшоқ жазғы той көйлегін жақсы толықтырады. Әдетте, мұндай гүлшоқты ұсақ түймедақ, қазтамақ және бақбақтан дайындайды. Оны үлдір лентамен байлауға болады. Мұндай гүлшоқ той көйлегімен үйлесімді көрінуі үшін басыңызға гүлдерден жасалған шеңбер киіп алуға немесе шаш үлгісіне тірі гүлдер қыстыруға болады.

Аққанат шоғы

Ерекше әрі нәзік аққанат гүлдері өте әдемі көрінеді. Сондай-ақ, ол төзімді өсімдіктер қатарына жатады. Аққанат гүлшоғы минимализм стиліндегі қалыңдық көйлегіне жақсы үйлеседі. Қыздар көбіне оның ақ түрін таңдайды, алайда оның алқызыл және сары түстері де ерекше көрінеді. Бұл гүлдерді әдетте жапырақтармен толықтырмайды және оны гүл түсіне ұқсайтын лентамен байлайды.

А. Жапатова