Аты аңызға айналған дизайнер Тьерри Мюглер сән әлемін қалай бағындырды?

Аты аңызға айналған дизайнер Тьерри Мюглер сән әлемін қалай бағындырды?

Тьерри Мюглер 23 қаңтарда 73 жасында қайтыс болды. Дизайнер жиырма жыл бұрын сән әлемінен бас тартса да, мәңгілікке классик боп қала берді.

Рейн ұлттық операсының бишісі Тьерри Мюглер бір түнде кездейсоқ дизайнер боп шыға келді. 70-ші жылдардың басында ол балет мансабын армандады, ол үшін Страсбургтен Парижге көшті. Сол кездегі Мюглердің сыртқы түрі де, жүріс-тұрысы да экстравагантты еді. Ол үлкен көзілдірік киіп, киімде кемпірқосақтың барлық түстерін араластырып, ортағасырлық және галактикааралық стильдерді біріктірді. Тьерри Мюглердің барлық корсеттерінің авторы дизайнер Перл мырза оны: «Мюглер өмірдің қуаныш атаулының бейнесідей болды, ол үнемі би билеп, шаттыққа бөленіп жүретін», - деп еске алады. Мюглердің замандастары көптеген естеліктері оның сыртқы келбеті мен киген киімдері туралы әңгімелермен байланысты. Қауырсындар, футуризм, эклектизм, шляпалар... Оны көшеде көп адам «мұны қайдан сатып алдыңыз?» деген сұрақтармен жиі тоқтатуы таңқаларлық жағдай емес. Дәл осындай сұрақтардан кейін Мюглер Париждегі Gudule бутигіне жұмысқа кіріп, бір түнде теңдессіз эскиздер жасады. Бұл оның дизайнерлік мансабына бастау берді.

Тьерри Мюглердің мансабының шыңы 1980-ші жылдардың жарқын кезеңі болып саналады. Бос уақытын үнемі Жан-Поль Готье мен Аззедин Алая сынды сән алпауыттарымен өткізетін, жұмыс уақытында Наоми Кэмпбелл мен Линда Эвангелистаның есте қаларлық бейнелерін жасайтын. Тьерри Мюглердің бұйымдары супермодельдер дәуірімен тығыз байланысты. 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында оның подиумында Дэвид Боуи мен Джордж Майклдың музыкалық бейнелері де болды. Оның сол кездегі музасы 1940 жылдары Голливуд жұлдыздары болды. Мюглердің көйлек тігудегі өзіндік, яғни, авторлық формуласы қырық жыл өзгерген жоқ: белді қысу, иықты түзету, жамбас сызықтарын ұлғайту, образды созу сынды ерекшеліктер осы дизайнерге тән қолтаңба.

«Мен сәнгер болуды ешқашан армандаған емеспін, - дейді Мюглер, бірақ мен өмірімді театрмен байланыстырып, режиссер болғым келді». Тьерридің Café de Paris деп аталатын алғашқы жинағы мен шоуы 1974 жылдан басталды және ол 1994 жылғы маусымды өзінің соңғы нүктесін қойды (бірақ дизайнер 2002 жылы ресми түрде зейнетке шыққан). «Шоудан кейін мен бұл бір дәуірдің соңы екенін түсіндім», - дейді Мюглер. — Сәннің өзі брендке, маркетингке айналды. Модельдік агенттіктер әлемді басқара бастады және мұның бәрі мен үшін қолайсыз болды. Мен үшін сән мәңгі өнер болып қала береді, ал сұлулық басқаша болу және өзіңше бола білу еркіндігінен туындайды». The New York Times газетіне берген ескі сұхбатындағы бұл канондық фраза оған 2002 жылдан кейінгі көптеген метаморфозалардың анықтамасындай болды.

Clarins басқарушы компаниясы өз брендін жауып тастаған кезде, Тьерри де сән әлемінен жоғалып кетті, тек 2009 жылы Бейонсенің турының көркемдік жетекшісі болғаны туралы музыкалық сайттарда ғана жазылды. Бір-екі жылдан кейін оның есімі Cirque du Soleil туралы жаңалықтарға шықты. Мюглер Лас-Вегаста көрсетілген цирк франшизасы Zumanity-мен жұмыс істей бастады. Оның есімі «шоу» деген сөздің қасында жиі айтылатын болды, өзі де спектакльдің объектісіне айналғандай еді. Соңғы жылдары ол өзін Манфред Тьерри Мюглер деп атауды өтінді: «Мен өз есімімді өзгерткен жоқпын, - дейді маэстро, - Манфред - төлқұжаттағы менің атым. Сән индустриясында жұмыс істеу үшін маған француз тілінде естілетін есім керек болды, ал Манфредтің австро-германиялық тегі болды. Сондықтан осы жылдар бойы шын есімімді құпия ұстадым».

Тьерри бодибилдингке де қызығушылық танытты - оның денесі адам танымастай өзгерді. Дизайнердің өзі 2017 жылы берген сұхбатында мұны былай деп түсіндірді: «Мен сәннен кетуімнің бір себебі - 20 жыл ұйқысыз түндерде мен өзімді емес, өзгелерді тұлға етіп қалыптастырдым. Мен өзіммен емес, басқалармен айналысқаным үшін ашуланатын деңгейге жеттім. Мен 15 жыл бойы акробатика және коньки тебумен айналысқан биші болғанымды ұмытпаңыз. Бұл ауыр және қатал спорт. Физикалық өзгерістер қалпыма келуге, өз өзімді жөндеуге көмектесті.

Дизайнердің досы Жан-Жак Пикар Тьерри сәннен кеткеннен кейін де, әрқашан онда болып жатқан нәрсені бақылап отырды, жаңа дизайнерлердің есімдерін білетін. 2019 жылы Монреаль мұражайы Мюглердің жұмысының кең ауқымды ретроспективасын ашты, ол әлі де бүкіл әлемді аралайды. Бүгінде Couturissime көрмесін Париждегі Musée des Arts Décoratifs-тен көруге болады.

А. Оралқызы