Базалық киімді қалай таңдаймыз?

Базалық киімді қалай таңдаймыз?
Фото: crello.com

Әйел адам жаңа киім сатып алуға әрдайым саналы түрде қараса, оның гардеробына соншама күш пен қаражат кетпес еді. Алайда, өкінішке орай, көпшілік әйел ойланбай, аяқ астынан киім алуға бейім келеді. Оған қоса, киім жеңілдікпен тұрса, оның шкафтағы бір киіммен болсын үйлеспейтіндігін ойламайды. Сондықтан көп жағдайда шкафта ешбір киіммен үйлеспейтін "жалғыз" киімдер мен тек бір-бірімен ғана үйлесетін "жұп" киімдер ілініп тұрады. Сол үшін шкаф киіммен толып тұрса да, киетін ештеңе жоқ секілді көрінеді. Сондықтан стилистер әркімде міндетті түрде базалық киімдер болу керегін айтады.

Бұл әр әйелдің шкафында нақты киімдер тізімі болу керек деген сөз емес. Әр адам бір-бірінен талғағымымен, стилімен, өмірге көзқарасымен және қандай да бір детальмен ерекшеленеді. Базалық гардероб — негіз. Базалық гардероб деп барынша көп киіммен, кез келген аяқ киіммен және сөмкемен үйлесе кететін, ыңғайлы және үнемі стильді болып жүруге көмектесетін киімдерді айтады. Ендеше, алдыңызда тұрған шынымен де базалық киім екенін қалай білуге болады?

1. Жинақы пішім
Базалық киімнің пішімі қарапайым болады. Себебі ерекше пішімді киімді басқалармен үйлестіру қиынға соғады. Ерекше немесе күрделі пішімді киім үлгісіне акцент беретін киім ретінде қолдануға болады. Ал бізге әмбебап киім керек, сондықтан оның қарапайым әрі жинақы пішімді түріне мән беріңіз.

2. Өзектілік
Сіз трендтің артынан «қумасаңыз» да сән әлемінде қандай пішімдер, детальдар және үлгілер өзекті екенін білу маңызды. Трендке қарағанда киім өзектілігі бес жылға дейін сақталады, сондықтан әр мерзім сайын жаңа киім алуға міндеттемейді. Базалық киімдердің трендке қатысы болмауы керек. Бірақ сән жайлы мақалалар оқып немесе стилист-блогерлерді зерттеп, қазір өзекті және ескірген киімдерді оңай ажырата алуды үйренген артық етпейді.

3. Сапа
База үшін ұзақ уақыт тозбайтын сапалы киім алған жөн. Базалық киімді басқа киімдерге қарағанда көбірек және ұзақ киетіндіктен оған ақша үнемдемеген дұрыс.

4. Түс
Базалық киім міндетті түрде ақ немесе қара болу керек емес. Оның өзіңізге ұнайтын түсін таңдауға болады. Стилистер базалық киімдердің қою немесе ашық реңкті түрлерін алуды ұсынады. Олар көк, қоңыр, хаки, қою қызыл, көгілдір, ашық алқызыл болуы мүмкін. Дегенмен кез келген киіммен оңай үйлесетін түстерге ақ, қара, сұр және сарғыш (бежевый) жатады.

5. Принт
Көпшілік базалық киім принтсіз болады деп ойлайды. Әрине, олай емес. Классикаға айналған принттер бар. Костюмдік жолақ, тор, бұршақ, жолақ (тельняшка) — оңай үйлесетін базалық принттер.

6. Детальдің болмауы
Өте қанық түсті ілгектер, үлкен жапсырма қалталар, бүрмелер, желбіреуіштер, жазулар, моншақтар — үйлесімді қиындататын детальдар. Ал бізге кез келген аксессуар мен қосымша түстерді қоса алатын артық ештеңесі жоқ киімдер керек.

7. Үлгі
Киім үлгісін таңдаған кезде пішіммен секілді абай болу керек: оның да өзекті болуы маңызды. Қазір дүкендерде түрлі сәнді үлгілердің кездесетіндігі қуантады. Таңдаған базалық киіміңіз өте ыңғайлы болуы керек. Сондай-ақ ол қозғалысыңызға кедергі келтірмеуі және өзіңізге деген сенімділікті төмендетпеуі қажет.

А. Жапатова