2020 жылдың 5 тренді

2020 жылдың 5 тренді
Фото: Printerest

Ауа райының жылынуына уақыт аз қалды. Қалың күрткелерді салып тастап, орнына жұқа көйлектер мен жеңіл жакеттерді шығарамыз. Егер көктем-жаз мерзіміне арналған жаңа киім алғыңыз келіп жүрсе, 2020 жылдың ең сәнді 5 трендіне мән беруге кеңес береміз.

Қаусырмалы белдемше
2020 жылдың ең сәнді трендіне алдына ұзына бойы ілгек тігілген қаусырмалы белдемше айналады деп күтілуде. Ол базалық гардеробтың негізі бола алады. Мұндай белдемшені қарапайым киіммен үйлестірсеңіз де алдындағы ілгектерінің арқасында киім үлгісіне ерекшелік сыйлайды. Қаусырмалы белдемшенің тағы бір артықшылығы – оның кез келген типті дене пішініне жарасуы.

Жағасында сырмасы бар свитер
Бұл тренд әйелдерге ерлер гардеробынан келді. Жағасында сырмасы бар киімдер – соңғы тенденциялардың бірі. Сондықтан көктем-жаз мерзіміне жағасында сырмасы бар жеңіл свитерлер немесе футболкалар алуыңызға болады.

V-бейнелі ойық
Бұл тенденция жазғы киімдерге жақсы келеді. V-бейнелі ойық пен жеңіл маталар – жаздың ыстық ауа райына арналған керемет үйлесім. Оның үстіне V-бейнелі ойық мойынды ұзартып, дене пішінін сымбатты көрсетеді.

Көлемді буф-жең
Киім жеңінің бүрмеленіп тігілуін буф деп атайды. Бұл тренд 80-жылдар сәнінен қайта оралды. Романтикалық киімдердегі буф-жеңдер немесе шам-жеңдер сәнге былтыр оралған болатын, бірақ биыл да өз сұранысын азайтқан жоқ.

Гүлді принт
Көктемнің келуімен гүлді принт жайлы айтпау дұрыс болмас. Әйелдің нәзіктігін айқындай түсетін бұл принт 2020 жылдың көктем-жаз маусымында да трендте болады. Бұл маусымда ұсақ гүлі бар нәзік киімдерге мән беруге кеңес береміз.

А. Жапатова