Бүгін – сән патшайымы Коко Шанель туған күн

Бүгін –  сән патшайымы Коко Шанель туған күн
Фото: vk.com

Коко Шанель 1883 жылдың 19 шілдесінде Францияның Сомюр атты кішкентай қалашығында дүниеге келді. Шын есімі –Габриель Бонёр Шанель. Есімі аңызға айналған Шанельдің өмірінің алғашқы бөлігі сән мен гламурдан тым алыс болатын.

Анасының өлімінен кейін, кезбе саудагер болып жұмыс істейтін әкесі қызды жетімханаға өткізеді. Ол 1895-1900 жылдар аралығында сонда тұрады. 1902 жылға дейін Коко монах әйелдерінің арасында тәрбиеленді. Осы әйелдер оған тігін тігуді үйретеді. Кейіннен Шанель Мулендегі Au Sans Pareil атты шұлық сататын дүкенде жұмыс істеді.

Бойжеткен Viсhy және Moulins аталатын кабарелердің сахнасына шығып, әнші болуға талпынып жүрген кезінде Коко атанып кетеді. Дәл сол жерде ол беделді француз ақсүйегі Этьен Бальзанмен танысады. Этьен оған өз ісін ашуға көмектеседі. Ол сұлу бойжеткенге ес-түссіз ғашық болғанымен, қыз досы Артур Капельге бұйырады.

Өкінішке орай, ғашықтық сезімнің құшағында жүрген Коконың бақыты ұзаққа бармады. Сүйіктісі автокөлік апатынан бақилық болады. Коко бұл оқиғадан кейін, ешкімге тұрмысқа шықпады. Ел сөзіне сенсек, Шанель өмір бойы Артурды жоқтап өткен екен. Өзі ылғи да қазалы киімді киіп жүре алмағандықтан, күллі әйел қауымын қараға киіндіріп қойған. Коко Шанельдің айналасында жігіт атаулы көп жүретін. Ақсүйектер, патша отбасының мүшелері, белгілі шығармашылық адамдары, тіпті орыс князі Дмитрий оған Камбон көшесіндегі Сән Үйін ашуға көмектесті. Оған ғашық жандардың арасында белгілі суретші Пабло Пикассо, атақты орыс сазгері Игорь Стравинский болды. 10 жыл бойы ғашықтық сезімін білдіріп жүрген герцог Вестминстерскийдің үйлену туралы ұсынысына Коко: "Герцогинялар көп, ал Шанель жалғыз" деп жауап берген. Коко өмір бойы жар құшып, бала сүю бақытынан мақұрым қалды.

Коко Шанель өзінің ең алғашқы дүкенін 1910 жылы ашты. Париж қаласында ашылған дүкен қалпақ сатумен айналысатын. Кейіннен мұндай дүкендер Дэвилла және Биатрица жерінде ашылды да, қалпақтардың жанына киімдер қосылды.

Коконың ойлап тапқан ең алғашқы киімі – ескі свитерден жасалған көйлек еді. Ерекше көйлекке таңқалысқан жұрттың "Мұндай киімді қайдан алдыңыз?" деген сұрағына "Сізге де осындай жасап берейін" деп жауап қататын.

1920 жылдары Шанельдің бизнесі жаңа биікке өрледі. Ол өндіріске Chanel №5 иіссуын шығарды. 1925 жылы классикалық жакет пен белдемшеден тұратын атақты Шанель костюмдері пайда болды.

Шанельдің тың жобалары расында да революцияшыл еді, ол әйелдер гардеробына ерлердің элементін ендірген тұңғыш адам болды. Шанельдің арқасында нәзік жандылар қауымы ыңғайсыз корсеттер мен көпірмелі белдемшелерден бас тартты. Шанель киімге келген кезде ең бастысы ыңғайлылықты, жайлылықты бағалайтын.

Шанельдің сән саласындағы тағы да бір төңкерісі – кішкентай қара көйлек. Ол қоғамға бұрындары тек қазалы киім саналатын қара түстің кешкі киімге әсемдік қоса алатынын көрсетті.

Шанельдің өнер жұлдыздарының арасында беделі өте жоғары саналатын. Ол Ballets Russes пен Жан Коктоның киімдерін айырықша етіп тігіп шықты.

Сөмкені иыққа тағып ұстау – Коко Шанельдің негізгі идеясы. Сондай-ақ, ол қалталарды ерекше ұнататын.

Осылайша ол нағыз сән әлемінің жұлдызына айналып, көзі тірісінде-ақ бар қошемет пен марапатқа ие болды. Өзгелерге арман болардай әдемі ғұмыр кешті.

Коко Шанель 1971 жылдың 10 қаңтарында Ritz қонақ үйінде жатып дүниеден өтті. Жүздеген адам жерлеу рәсіміне Chanel костюмімен келді деседі. Ондаған жылдардан кейін белгілі модельер Карл Лагерфельд Шанельдің жұмыстарын өз қолына алды. Ол да қазір мәңгілік мекеніне аттанып кетті.

Әңгімемізге арқау болған өткір ойлы, шынашақтай мадемуазель нағыз әйелдің қандай болу керектігі туралы қалыптасқан ойды оп-оңай өзгерте алды. Коко Шанель "бір ғана пуловер мен ондаған тізбекті гауһардың" көмегімен сән саласында революция жасады. Ұлы Мадемуазель "Әйел отыз жасында әдемі болмаса, ақымақ болғаны" дегенге шын сенетін.

Коко Шанель тарих беттерінде шынайы, нағыз, тірі әйел ретінде жазылғанымен, өзі туралы аңыз ойлап тауып, өле-өлгенше тұйықтығы мен құпиялығынан таймай кетті. Ол өзінің жасын, әулетін, дүниеге келген жерін, шыққан отбасын, білімін әрдайым жасыратын. Шындықты оның жақын құрбылары да, сезім білдірген серілері де білмейтін.

Шанель бір ғана нәрсені дәлелдегісі келді. Ол әлемге "Жиырмасыншы ғасырдың құрдасымын" деп айқайлады. Және бәрі де солай ойлайтын: Шанель жиырмасыншы ғасырда туылып, осы ғасырмен бірге өсті, тың идеяларын жүзеге асырды. Олай емес! Ол сонау он тоғызыншы ғасырда, нақтырақ айтсақ, 1883 жылы дүниеге келді. Жиырмасыншы ғасыр төрімізден орын алғанда, оның жасы он жетіде еді. Коко осы он жеті жылды ылғи да жасыратын және еске алмайтын. Керісінше, алған тәрбиесін, сарайлардағы кездесулерді, бақытты балалық шақты жиі айтуға тырысатын... Бәрі де өтірік болатын.

А. Оралқызы