- Негізгі бет
- Сән
- Тренд: Орамал принті...
Тренд: Орамал принті
Орамал принті – 2018-2019 жылғы күз-қыс топтамасындағы жаңалықтың бірі. Қабылан, тор және жолақтан жалыққан сәнқойлар бұл трендті қуана қолдады.
Орамал принтінің қандай екенін білсек те, оны суреттеу қиын. Ол бірнеше реңді, оюлы келеді және айқыш-ұйқыш өрнекті қамтиды. Шығыстық өрнек, флер-де-лис (корольдік лалагүл), меандр (сынған сызық түріндегі өрнектің түрі), шынжыр – мұның барлығы орамалдан киімдерге көшті: белдемше, жейде, шалбар және тіпті, сөмке.
2013 жылы орамал принтін өз топтамасында Dolce&Gabbana батыл тәжірибелер жасаған болатын. Осы мерзімде орамал принтін Versace, Ralph, Balenciaga, Hermes және басқа да сән үйлері қолданды. Дизайнерлер дәстүрлі орамал принтін түрлі жазулармен, логотиптермен және мультипликациялық суреттермен толықтыруда.
Орамал принті жібек орамал материалына ұқсас киімдерде жиі кездеседі. Мысалы, жеңіл жейделерге, бүрмеленген белдемшелерге немесе көйлектерге қолданады. Орамал принтті жейдені пенжектің ішінен киіп, заманауи іскерлік киім үлгісін жасауға немесе oversize жемпірдің ішінен киіп, casual стиль жасауға болады.
Сонымен қатар, дизайнерлер мынадай батыл үлгі ұсынды: жеңіл орамал принтті жейдені мойны бар водолазканың сыртынан кию.
Бастысы, қандай принт болмасын, оны біртүсті киіммен үйлестіру керектігін ұмытпаңыз.
Орамал принті сөмкелерде де кездеседі. Мұндай аксессуарды киім үлгісінің басты екіпіні етсеңіз, сол жеткілікті болады. Әзірге орамал принті бар киім сатып ала алмасаңыз, бұл трендті үйде бар сәнді орамалыңызды сөмкеге байлау арқылы қолдануға болады.
А. Жапатова