Күз-қыс топтамасы: 5 белдемше

Күз-қыс топтамасы: 5 белдемше
Фото: pinterest.com

Күз-қыс мерзімі гардеробтағы белдемше секілді киіммен үйлесім таба бермейді. Барлық романтикалық үлгілерді кейінге қалдырып, көктемді күткіміз келеді. Алайда, белдемше – түрлі ерекше үлгілер жасауға болатын және әйелдің нәзіктігін айқындай түсетін киім түрі. Ендеше, подиумдарда күз-қыс топтамасында кездескен белдемшелердің 5 басты трендін ұсынамыз.

Бүрмеленген белдемше

Бүрмеленген белдемше – былтырғы мерзімнен қалған трендтің бірі. Миди ұзындықтағы бүрмеленген белдемшені дөрекі бәтеңкемен, өкшесі бар етіктермен, ұзын да, қысқа да етіктермен үйлестіре беруге болады. Киім үлгіні түрлі түсті шұлықтармен ерекшелендіруге болады. Күз-қыс топтамасындағы бүрмеленген белдемшелер материалдың қалың болуымен және "күзгі" түстерімен ерекшеленген. Сонымен қатар, жасанды теріден жасалған бүрмеленген белдемшелерге мән беріңіз. Олар – бұл мерзімнің екі еселенген тренді.

Былғары белдемше

Былғары белдемшелер – ыңғайлы және стильді. Бірнеше мерзім бұрын былғары белдемшенің етегі кең түрлері (күн белдемше) сәнде болды. Ал қазір оның қарындаш түріне және ұзындығының миди болуына мән беріңіз. Мұндай үлгі кеңсеге және қандай да бір шараларға жақсы келеді. Қаусырмалы былғары белдемшелер киім үлгісіне ерекше екпін береді.

Твид белдемше

Коко Шанель твидті ерлер материалынан әйелдердің гардеробына айналдырғаннан бері твид костюмдер кең таралған киімдер тізіміне енді. Дизайнерлер бұл мерзімде бәріне үйреншікті "президент әйелдерінің" үлгісімен сәйкес келетін классикалық твидті костюмдерді өзгертіп, футболкамен де, водолазкамен де кие беруге болатын твидті белдемшелер ұсынуда.

Торлы белдемше

Торлы принт – мәңгі трендтің бірі. Егер гардеробыңызда біртүсті киімдер көп болса, оларға ерекшелік сыйлау үшін торлы белдемше алыңыз. Биыл үйреншікті қара-ақ және сұр тордың орнына түрлі түсті торлар келді.

Ши барқыт (вельвет) белдемше

Осы мерзімде барқыт пен күдері артынан сәнге ши барқыт келді. Бұл матаны кім ойлап тапқаны белгісіз. Біреулер бұл матаны Англияда шығарылды десе, басқалары Францияда шыққан дейді. Ши барқыт – барқыт сияқты, бірақ ұсақ жолды мата болғандықтан, салтанатты көрінбейді. Ол күнделікті киім үлгісіне жақсы келеді. Бұл мата бохо стиліндегі киімдерге көп қолданылады.

А. Жапатова