Ұлы кутурье Джанни Версачеге арналған оммаж

Ұлы кутурье Джанни Версачеге арналған оммаж
Фото: vk.com

Аты барша сән әлеміне танымал Джанни Версаче есімді дизайнердің  өмірден өткеніне биыл 20 жыл толды. Осыған орай теңдессіз талант иесін еске алу мақсатында көптеген шара ұйымдастырылып жатыр.

Солардың бірі: 15 шілде-20 қыркүйек аралығында өткен Dialoghi/Dissing — Gianni Versace Magna Grecia Tribute Неаполь ұлттық археологиялық көрмесі болатын. Ол кутурьенің шығармашылық мұрасы мен Көне Грек өнерінің байланысы туралы ақпарат берді. "Версаченің әр топтамасы түрлі археологиялық ашулардан алған шабытынан туындайтын", - дейді көрме кураторы Сабина Альбано. Мысалы, Версаче жейделерінде бейнеленген маска суреттері грек театрларындағы суреттерден алынған. "Ол суреттерді көшіріп салды деуге келмейді. Себебі олар, ең алдымен, Версаче шабытының көзі болды ", - деп еске алады Альбано.

Жалпы, экспозиция 11 көйлек пен 20 аксессуардан (браслет, сырға, сағат) және де интерьер бұйымдарынан тұрады. Бір қызығы, бұлардың барлығын Антонио Каравано есімді колекционер ұсынған. Ал, Versace сән үйі аталған көрменің ұйымдастырылуына қатыспаған.

Екінші шара кинематография әлемімен тығыз байланысты. Өйткені, "Америкалық қылмыс оқиғасы" сериалының кезекті үшінші кезеңі осы Джанни Версаченің өліміне арналып отыр. 1997 жылдың 25 шілдесінде талантты дизайнер, модельер Джанни Версаче Майамидегі вилласында қаза тапты. Анығын айтсақ, қастық қылып дұшпандары атып кетті. Джанни өлімінен кейін "Versace" маркасының тізгіні қарындасы Донателланың қолына көшті. Содан бері "Versace" маркасы көпшіліктің көңілін табуға тырысып жұмыс істеп келеді. Антикалық мәдениет пен поп-арттың синтезі ретінде бағаланып жүрен бұл марканың коллекциялары қазіргі таңда әлемдік брендке айналды.

Джанниді еске алу шараларының ең көлемдісі әрі ең маңыздысы – дизайнер қалдырған мұраның қарыштап дамып, ағасының есімі мәңгі өшпестей тер төгіп жүрген Донателланың күні кеше Милан сән апталығында көрсеткен жаңа топтамасы.

Өздеріңіз білетін сән апталықтары әр маусым сайын өткізіліп отырады. Қыркүйек айы басталғалы Нью-Йорк пен Лондон қалаларында болып өткен көрсетілімдер Милан қаласында өз жалғасын тапты.

Версаче бренді үшін биылғы топтаманың жөні бөлек. Онда жаңа үлгідегі киімдерден гөрі, Джанни өз қолымен жасап кеткен өнер туындыларын қайталау басым болғандықтан, бұл топтама — ұлы кутурьеге бағытталған оммаж. Донателла өзі басқарып отырған сән үйінің мұрағатын толық қарап шығып, 1991-1995 жылдар аралығындағы Vogue, "Уорхол", "Менің досым Элтон", "Иконалар", "Барокко", "Аномалия", "Америкалық үндістер", "Теңіз сыйы", "Көбелектер" топтамаларын саралаған. Бірнеше айға созылған зерттеу нәтижесінде  Versace үйінің болмысын ашатын принттерге кеңінен тоқталуға бел буады.

Triennale мұражайында өткен көрсетілім брендтік ретроспективті көрмесі секілді әсер қалдырды. Себебі, киім үлгілерінің барлығы өткен топтамаларды еске салды.

Аталған шарада барша әлемді дүрліктірген сәт орын алды. Нақтырақ айтсақ, көрсетілім соңында Донателла кезінде ағасының музасы болған Клаудии Шиффер, Синди Кроуфорд, Карла Бруни, Хелена Кристенсен мен Наоми Кэмпбелл сынды 90-шы жылдардың топ-модельдерімен бірге шықты. Осыдан 25 жыл бұрын бейнелері барша таблоидтарды жаулап алған бикештер жастары елуді еңсерсе де бұрынғы сұлулығынан айнымаған. Бұған елең етпеу мүмкін емес еді.

Естеріңізге сала кетейік, Джанни Версаче 1946 жылы Италияның оңтүстік бөлігінде дүниеге келді. Отбасы мүшелері жаны жайсаң, жақсы жандар болды. Анасы жергілікті ательеде тігінші болып қызмет атқарды. Соның себебі болса керек, Джанни жастайынан ине мен жіпке құмар болып өсті. Туыстары оны архитекторлық өнерге баулуды мақсат тұтып, сол салаға итермелесе де, жас бала қолынан матаны тастаған жоқ. Ақыры не керек, Джани 1972 жылы тігіншілікпен шындап айналысу үшін Миланға көшіп келді. Ол сонымен қатар, дизайнерлік өнерін де ұштауға барынша тырысты. Осы талабының арқасында байқуатты адамдардың көзіне түсіп 1975 жылы "Complice" дүкеніне арнап алғашқы коллекциясын шығарды. Осылайша үш жыл өткен соң, Версаче әйелдерге арналған авторлық киімдерін халыққа таныстырды. Дәл осы уақытта оған інісі Санто қосылып, қаржы бөлімін басқаруды өз мойнына алды. Осылайша "отбасылық компания" өзінің алғашқы қадамдарын басты. 1981 жылы ағайынды екі жігітке туған қарындастары Донателла қосылды. Ол компанияның жарнамасы мен имиджін қалыптастыру бөліміне жауапты болды. Ағайынды Донателла, Джанни, Санто Версачелер шындығында өте талантты дизайнер болды. Заман ағымын, халықтың қалауын дөп баса білген ол жұртшылықтың ықыласына тез бөленді. 80-ші жылдары сән әлеміне жаңа леп әкелді. Осылайша Горгона Медузасын белгі еткен сән үйінің аты аңызға айналды.

"Медуза сұлулық пен еріксіз өзіне тартушы қатерлі күштің символы. Ол қараған жанды есінен тандырады", - дейтін Джанни Версаче өз сән үйінің логотипі туралы қойылған сұрақтарға. Сол Горгона Медузасы Версаче шығармашылығын көркемдік әлемінің шыңына шығарды. Дизайнер антика өнерінің нағыз табынушысы болатын және өзі туралы "ұлы гректер ұрпағымын" - дейтін.

А. Оралқызы