Қыздардың киім атаулары

Қыздардың киім атаулары
Фото: DalaNews.kz

ӘЙЕЛДІҢ СЫРТ КИІМІ

Белдемше – той-думандарда көйлек үстінен киетін сәнді сырт киім үлгідерінің бірі. Той киімі ретінде жаңа түскен келінге да арнап тігіледі.

Келеме – жібектен тігілген, сәнді киер сырт киім.

Кеудеше – кеудеге киетін сырма, жұқа жеңіл киім.

Кәзекей – жеңсіз, жағасы кеңірек ойылған, етегі белден төменірек түсетін, бағалы матадан тігілген жеңіл киім.

Қамзол – көйлек сыртынан киетін жеңсіз не шолақ жең жеңіл сәндік әрі жұмыс киімі.

Кіреуке – алтын тінді зерлі жіппен тігілген, аса қымбатты, сәнді жібек шапан.

Сатипа – жеңіл шолақ сырт киім.

Тізеқап – суықта, аязды күндері екі бұтқа ғана киетін, ауы, ышқары жоқ екі балақ.

Қырмызы тон – қыз-келіншектерге арналып қызыл масатыдан тігілген қаптал шапан.

Қамқа тон – иі қандырылып өңделген жұмсақ қой терісінен, қамқадан, өзге де әдемі аң терісінен жаға салып тігілген, қаусырмамен түймеленетін бағалы киім.

Қыздар мен әйелдердің өздеріне лайықтап сәндеп тіккен шапандары, шекпендері, тайжақылары, тондары, ішіктері, т.б. сырт киімдері бар. Олардың үлгілері, нақыштары ерлердің сырт киімдернен өзгеше, жатық тігісті, кестелі, зерлі-оқалы, пішімі сыпайы, сәнді келеді.

Әйелдің бас киімдері

Орамал - әртүрлі матадан, әр алуан үлгіде жасалған басқа тартар.

Біртартар – үшкіл, кішігірім бас орамал.

Түрме – түре тартатын жеңіл орамал.

Шаршы – кішкене шаршы бас орамал.

Байлама – басқа салатын шағын орамал.

Шылауыш – кимешек үстінен байланатын үлкен ақ шаршы.

Кимешек – ақ матадан тігілген, омырау мен арқаны жауып тұратын, беті ойылып жасалған әртүрлі үлгідегі бас киім.

Жаулық – ақ матадан, ақ жібектен тігілген бас киім. Үлгісі көп.

Бергек жаңа түскен келіншектің әшекейлі бас киімі, той өткен соң киетін сәукеленің жеңіл түрі.

Сораба – тақия тәріздес, артында шалпыншағы бар, төңірегі шашақты қыздар киетін бас киім.

Делегей – ертеде қыздардың қыста киетін бас киімі.

Жырға – асыл тас, моншақ тізіп тіккен, көп салпыншақты сәнді бас киім.

Тақия – қызыл, жасыл, көгілдір түсті шұға, мауыт, мақпалдан ұлттық өрнек салып тіккен қыздардың үкілі жаздық бас киімі. Айшықты, зерлі түрлері болады.

Қасаба – үшкір төбесіне бір шоқы үкі қадап, маңдай тұсын алтын, күміс, асыл тастармен безендірген, оң жақ самайлығына моншақты 5-6 қатар төгілдіре қадап, ұзын салпыншақты етіп тіккен қыздар тақиясының бір түрі.

Зере – ұзын, іші қуыс, сәукелемен бірге киетін бас киім.

Сәукеле – қыздардың ұзатыларда, келін болып түсерде киетін көп әшекейлі, қымбат бағалы, сәнді бас киімі. Жұқа ақ киізден сырылып тігіліп, сыртық қызыл шұғамен тысталады. Қымбат бағалы аң терісімен әдіптеліп, алтын, күміс, моншақ әшекейлер тағылады. Жоғары жағы жіңішкеріп, төбесіне үкі қадалады. Тірсекке түсетін асыл тасты, оқалы бау тігіліп, бетті көлегейлейтін желекті болады.

Желек – келіншектердің сәукеледен кейін басына жамылатын орамыл.

Күлә - ханшалардың қалпақ сияқты бас киімі.

Күндік – кимешектің үстінен сәлде сияқты, бірақ жалпақ етіп орайтын ақ мата немесе егде әйелдердің ақ жаулығы.

Салы – жібектен, бағалы жіптен шашақсыз тоқылған бөкебай.

Бөртпе – жібектен шашақтап тоқылған орамал, жаулық.

Бөкебай – түбіттен қалың тоқылған қыстық орамал.

Бөрік – қымбат бағалы матамен тысталған, әртүрлі бағалы аң терісімен термеленген, әр үлгіде тігілген қыздардың жаздық және қыстық бас киімі.

Қалы – қымбат бағалы түкті шәлі.

Шарқат - әйелдердің басқа тартатын үлкен жібек орамалы.

Сарапшаң – жұмсақ тоғын, жібекпен жылқының қылынан, шуданың қылшығынан тоқылған, қыздар мен келіншектердің бетін шаң-тозаңнан қорғайтын бет перде, шаң тимес деп те аталады.

Ақбүркеншек – алғаш түскен келінге сәукеле сыртынан жабатын жамылғыш.

Қарқара – төбесі биік шошақтау келген, қауырсын қадаған жас әйелдің, қыздардың сәнді бас киімі.

Әйелдің аяқ киімдері – түрлі үлгі мәсі, кебіс, етік. Ер адамның аттас аяқ киімдеріне қарағанда биік өкшелі, сүйір тұмсықты, ою мен өрнек салынған, сірісі, басы, қонышы жібек жіппен тігіліп зерлеген, көксауырланған, әдемі келеді. Әйелдер киетін өте сапалы былғарыдан сірісіне көксауыр қондырған биік өкшелі кәкима аталатын етік ерекше сәнді. 

www.soyle.kz

М. Ақан