- Негізгі бет
- Сән
- Чао, Милан! Ех,...
Чао, Милан! Ех, Dolce & Gabbana...
Соңғы екі апта бойы сән әлеміндегі ең маңызды апталықтар Нью Йорк пен Лондонда болғаны белгілі. Ондағы негізгі сән үйлері ұсынған топтамаларға тоқталып өттік. Енді кезек осылардан кем түспейтін “Сән астанасы” Миланға да келіп жетті. Әдеттегідей әлемді аузына қаратқан бұл оқиғаға барша сәнқұмар қауым жиылып, танымал және енді бой көрсетіп келе жатқан дизайнерлердің топтамаларын тамашалады.
Олардың қатарында сән тарихында атауы жалпы есімге айналып үлгерген, өзіндік ерекше италиялық бояуға қанық Dolce & Gabbana сән сарайы да 2017 жылға арналған көктемдік және жаздық киім үлгілерін ұсынып үлгерді.
Жалпы, Dolce & Gabbana дуэті өмірде де, сән әлемінде де, барокко мен ретро фильмдерге деген ерекше махаббат негізінде қалыптасты. Олар өз топтамаларын ұсынған кезде көпшілік қауым үнемі таңдай қағып тамсанады не мүлде қабылдамайды немесе серпіліс жағдайында болады. Әйтеуір, бей-жай қалмайды. Доменико Дольче мен Стефано Габбаноның туындыларына қатысты сәнсүйер қауымнан міндетті түрде эмоционалды жауап болады.
Сән сарайының сұлтандары әрқашан контрастты киім үлгілерін ойлап табады, мысалы, бір жағынан бойына күш-қуат жиған аса белсенді энергетикаға ие топтама болса, енді бірі, керісінше, сыртқы әлемнің тынымсыз тірлігінен алыстататып, жаныңа керемет тыныштық ұялатып, әдемі әсер қалдырады. Сицилиядай нағыз италиялық арал әлеміне еніп, оның бақытты өмірінің ырғағына үйренген адамдар мінезін дәріптейтін стилистика – Dolce & Gabbana сән үйіне ғана тән ерекшелік. Әсіресе, олардың соңғы топтамалары Жерорта теңізі жағасындағы елді-мекендердің өзгеше өмір тынысына тұнып тұр.
Fashion-өндірісте осы сән үйінің киімдеріне адал, тек Дольче мен Габбананың әйелдерді көре білу стиліне еніп кеткен сәнқой бикештерді La Siciliana деп атайды. Итальян тілінен аударғанда “Сицилиялық әйел” деген мағына беретін Дольче мен Габбаналық стильдегі киім үлгісі әйелге деген ерекше пәлсапалық көзқарас секілді...
Керемет кутюрьелер пікіріне сай, Сицилиялық әйел – нағыз италиялықтардай қылықты әрі мінезді келеді. Мұндай мінез ерекшеліктері Dolce & Gabbana киім үлгілерінде көркем мата түрлері мен нәзік шілтерлер арқылы жеткізіледі. Қара түс – бұл Dolce & Gabbana дуэтінің визиттік картасы. Dolce & Gabbana стилінде киінетін бикештер өзінің сұлу екенін біледі және сол сенімділікті киім үлгісі арқылы барша әлемге жария етеді. Ол әрқашан басын биік ұстап, әйелге тән сүйкімділігімен, келісті келбетімен, кербез жүріс-тұрысымен тәнті етеді.
Жылына 30-дан астам киім топтамасын ұсынатын еңбекқор дизайнерлер әрқашан жаңашылдығымен таңдандырып келеді. Бұл жолы да солай болды. Олар классикалық сән көрсетілімінен бас тартып, топтаманы ұсыну барысында әсерлі техникалық жетістіктерді пайдаланумен қоса, керемет италиялық көңілді музыкалық сүйемелдеу негізінде бір топ биші қыз-жігіттер бір сәттік шоу арқылы көрермендерді аралдық айрықша атмосфераға енгізіп жіберді. Су жаңа киім үлгілерінде Сицилияның белгісі саналатын паста, балық, музыкалық аспаптар бейнеленген.
Көздің жауын алатын көйлектерді көріп, Dolce & Gabbana әлеміне бір кірген соң, одан шығу мүмкін еместігін түсінесің. Сол секілді айрықша стильге арбалған атақты арулар да аз емес, олардың қатарында Мадонна, Бейонсе, Кайли Миноуг, Виктория Бэкхем, Анджелина Джоли және т.б. бар. Ал, осы стильдің негізгі насихаттаушысы саналатын бикештер қатарында Бьянка Балти, Бьянка Брандолини, Моника Беллуччи секілді “Сицилиялық сылқымдар” тұрғанда D&G сән сарайы салтанат құруын тоқтатпақ емес.
Кеше көрсетілген су жаңа топтаманы тамашалаңыз.
А. Оралқызы