Сән сарайының саңлағы

Сән сарайының саңлағы
Фото: www.intermoda.ru

Қыркүйек айының 16 жұлдызынан бері Ұлыбритания астанасының ойын-сауық орталығы Сохо алаңында сәнқой бикештер мен мырзалар толассыз бой көрсетуде. Оған басты себеп – сән астаналарының "Үлкен төрттігіне" енетін Лондонда көптен күткен сән апталығының басталуы.

Биыл Лондонның 64-ші сән апталығы жаңа жерде, яғни, Brewer Street Car Park орталығында ұйымдастырылды. Бұл шарада 78 дизайнер келесі жылдың көктем және жаз мезгілдеріне арналған киім үлгілерін жұртшылық назарына ұсынды. Лондон сән апталығы инновациялық тұрғыда басқаларынан ерекшеленеді, онда әлемге әйгілі сән үйлерімен бірге еңбек жолын жаңа бастаған дизайнерлер қатысады, сонымен қатар қолжетімді брендтерге де өздерін көрсетуге мүмкіндік беріледі.

Күні кеше болған көрсетілімдердің ішінде атақты ағылшын модельері Пол Смит ұстанып жүрген жаңа бағытында да мол жетістікке жеткенін көрсетті. Өйткені, Смит мырза бұрын соңды өзінің жолақ принтті киім стилімен танымал болған еді. Ал, биылғы топтамасын ол жолақ принтті безендіріп, оған швед суретшісі Хильма аф Клинт жұмыстарындағы гүл бейнелерін қосқан. 

Пол Смиттің атағын шығарған туындыларының бірі – ерекше Концертина сөмкелері. Ерекше болатын себебі, олар аргентиналық музыкалық аспаптың қалыбына ұқсас етіп тігілген. Демалыс пен жағажайға арналған сөмкелер тәтті мақта, раушан, мандарин және қауын түсті болып келеді.

Cән әлеміндегі алыптардың бірі сэр Пол The Evening Standard басылымының ақпараты бойынша Ұлыбритания сән индустриясының ең ықпалды 50 мүшесінің тізіміне енген.

Смит мырза британдық классикалық киім үлгісін әрлендіру арқылы көп жетістікке жеткен бірден-бір дизайнер. Пол Смит сән әлеміне кездейсоқ келгенімен, оның топтамалары 200-ден астам дүкендерде сатылып, зор сұраныс пен қолданысқа ие болды. 

Бұл алпауыттың кезекті топтамасын асыға күткен сәнқой қауым жаңа үлгідегі киімдерге әдеттегідей тәнті болып, таңдай қағысты.

А. Оралқызы