Бітіру кеші 2016: Сәнді шаш үлгілері

Бітіру кеші 2016: Сәнді шаш үлгілері
Фото: amur.kz

Оқу бітіру кешіне әлі біраз уақыт бар болғанымен, кештегі кейпіңізді алдын-ала ойластырып қойған дұрыс болады. Үйлесімді үлгі жасауда әдемі көйлек пен аяқ киімнен басқа жарасымды шаш үлгісі мен макияж да маңызды. Бүгінгі материалда бітіру кешіне арналған сәнді шаш үлгілеріне тоқталамыз. Биылғы жылы стильшілер бойжеткендерге табиғилыққа, нәзіктікке және романтикаға зейін қоюды ұсынады. Күрделі шаш үлгілері бойжеткеннің жастығы мен әдемілігін айқындайтын қарапайымдау үлгілерге орын береді.

2016 жылдың басты трендіне барлық бұрым мен өрім, мысалы, үш өрімді бұрым, француздық өрімдер (жылан өрім) және дат өрімі жатады. Одан кейінгі орындарда шаш түйіні (төмен түйілген), жіппен бірге жасалған шаш үлгілері, толқын мен бұйра, шашқа арналған әшекейлер қолданып жасаған шаш үлгілері тұр.  

Бұрымдар мен өрімдер

Олардың әртүрлілігі таңғалдырады. Сіздің кейпіңізді айқындайтын көлемді бір бұрым жасауға болады. Екі өрім жасасаңыз, романтикалық әрі нәзік көрінеді. Ободок өрім жасап, артқы шашыңызды бос қоюға болады. Сонымен қатар, 2016 жылы бітіру кешіне барлық шашды шеңбер етіп өріп тастау сәнде болады. Ол бетіңіз бен мойныңызды ашып, әдемі көрсететіні анық.

Шаш түйіні

Шаша түйіні – мерекелік кештерге арналған дәстүрлі шаш үлгісі. 2016 жылы шаш түйінінің төмен орналасқан түрі сәнде болады. Төмен орналасқан шаш түйіні бойжеткендерге жақсы үйлесіп, нәзіктігін айқындай түседі. Төмен орналасқан шаш түйінінің бір түріне бір жаққа қарай орналасқан түйін жатады. Бітіру кешіне шаш үлгіні ерекше етіп көрсету үшін шаш түйінін өріммен араластырып жасауға болады. 

Толқын мен бұйра

Толқын мен бұйра барынша табиғи болуы қажет. Мінсіз бұйра болмағаны жақсы. Шиыршық түрінде салынған бұйраны саусақтарыңызбен қозғап, араларын ашып, жел ойнағандай түр беріңіз. Толқын мен бұйра шаштарға киім үлгіңізге сәйкес әшекей таңдаңыз. 

Бітіру кешіне шаш үлгісін жасарда ескеретін жайттар:

- Түйреуіштер мен қыстырғыштарды аз қолдануға тырысыңыз. Олар көп қозғалыс кезінде түсіп қалуы ықтимал және оларды шашқа дұрыс қыстырмаған жағдайда, басыңызды ауыртып, мазаңызды алуы әбден мүмкін;

- Шаш үлгісін таңдауда толықтай жіберілген немесе толығымен жинап тасталған түрін таңдамауға талпыныңыз. Егер шашыңыз ұзын болса, оның барлығын жіберіп қойсаңыз, терлетеді. Шашыңыз қалың болса, оның барлығын төбеге жинап қойғаннан, біраз уақыт өткен соң мойныңыз ауыра бастайды;

- Кеш болар алдында ойыңыздан шықпаған шаш үлгісіне жүйкеңізді құртпас үшін мүмкіндік болса, шаш үлгісін аранайы маманға жасатқан жөн;

- Егер сізде кекіл болса, оны бітіру кешіне бір күн қалғанда емес, бірнеше апта бұрын қиып тастаңыз. Себебі ол өз пішініне келуіне бірнеше уақыт керек;

- Шашыңызды бітіру кешіне бір күн қалған түні жуған дұрыс.

А. Жапатова