Асыл тастар: Яшма

Асыл тастар: Яшма
Фото: www.zafirka.ru

Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда яшма тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.

Ластанған кремнийдің оттегімен қосындысын (кремнезем) яшма деп атайды. Бұл тастың ежелгі атауы — яспис. Жиі кездесетін қызыл және жасыл яшма, алайда көкшіл, сарғылт және күлгін түрлері де болады. Жапонияда яшма тасына ерекше құрметпен қараған. Қандай да бір тапсырыспен хабаршы жіберген кезде немесе қонақтарды құрметпен қарсы алу белгісі ретінде адзус ағашының бұтағына міндетті түрде яшма байлайтын болған.

"Яшма" сөзі грек тілінен аударғанда "ала, әртүрлі" деген мағынаны білдіреді. Бұл минералдың яшмалы ақық (агат) тас, етті ақық, қанды яшма, швейцариялық ляпис (түссіз ұнтақ), жолбарыс түстес тас секілді басқа да атаулары бар. 

Яшманың қан тазартатын және қан тоқтататын қасиеттерінен басқа балаларды тәрбиелейтін рухани қасиеті де бар деп санайды. Яшма тасы бар тұмарды немесе алқаны жүрекке жақын таққан жөн. 

Яшма кремнийлі топтан құралатынминерал. Яшма түрлі түске боялған кварцтың көп мөлшерінен құралған. Табиғатынан бұл тас ала түсімен ғана емес, сонымен қатар, суреттерімен де ерекшеленеді. 

Емдік қасиеті

Ежелден халықтық шипагерлер мен алхимиктер түрлі аруларды емдеуде яшманы жиі қолданған. Мысалы, қызыл түсті минералдар көптеген әйел адамдардың ауруын емдейді деп санаған. Қызыл яшма қанды тоқтатуда да жақсы әсер береді. Кей мемлекеттерде яшманы асқазан, көз, бүйрек ауруларын емдейтін құрал ретінде де пайдаланған. Тарихи мәліметтерде алхимик әрі емші Авиценна асқазан ауруларын алдын-алу мақсатында яшманы ішке тағып жүруді ұсынған деген ақпараттар да бар. Литотерапевтердің айтуынша, яшма психикалық ауруларды емдеуде, ұйқыны қалыпқа келтіруде және қорқынышты түстерден құтылуда көмектеседі екен.

Яшма  керемет көркемдік материал, оны жоғары беріктігімен ерекше бағалайды. XVIII-XIX ғасырлардан бастап яшманы ұсақ және ірі көркемдік бұйымдар (құмыра, шам, сарай безендіретін интерьерлер) жасауда қолдана бастаған. Яшмамен суреттерді безендіру өте жақсы бағаланады. Қазіргі таңда яшмадан әшекейлер, тұмарлар, жазу құралдары және басқа кәдесыйлар көптеп дайындалады. 

А. Жапатова