Қымбат әшекей құнын жоғалтпасын десеңіз...

Қымбат әшекей құнын жоғалтпасын десеңіз...

Уақыт өте кез келген әшекей өзінің әсемдігінен аз болса да айрылып, сапасы кете бастауы мүмкін. Адам денесінде ұзақ уақыт жүрген алқа, сақина, сырға сынды әшекейлердің бетіне май мен терінің өлі жасушалары жиналады. Бұл сіздің асыл бұйымдарыңыздың көмескі тартып, қараюны әкеп соқтырады.

Қымбат әшекейлеріңіздің арасын толтырып тұратын асыл бұйымдарыңызды сізге аса қымбат жандар сыйлауы мүмкін. Немесе сіз оны өте қымбат бағаға сатып алдыңыз делік. Қаншама қаражаттың бетіне су құйып сатып алған бұйымыңыздың қарайып кетуі сізді қынжылтпай қоймас. Сондықтан да оларды шамаңыз келгенше арнайы күтіммен таза ұстауға тырысыңыз. Онымен қоса сырға, сақиналардағы майда көзді моншақтар не бағалы тастар сынып қалуы мүмкін. Қысқыштары да істен шығып қалмауын қадағалау керексіз. Сондықтан оларды тек тазалаумен ғана шектелмей жыл сайын зергерлерге көрсетіп тұрудан қашпағаныңыз жөн.

Әшекей бұйымдарды сатып алғанда өз қорабында сақтаңыз. Қорап ішінде жұмсақ жастықшаның болғаны дұрыс. Әшекейлеріңіз бірін-бірі тырнамауы үшін бір қорапқа бірнешеуін қатар салып қоюдан қашыңыз.

Әшекей бұйымдарды қай кездерде тағудың қажетттілігі жоқ?

-          ұйықтар кезде;

-          спортпен шұғылданатын кезде;

-          жуынатын кезде;

Әшекей бұйымдарды қалай тазалауға болады?

-          жылы сабынды сумен;

-          қант қосылған таза сумен;

-          мүсәтір спирті мен этил спиртінің ерітінділерімен;

-          этил спиртімен;

-          арнайы әшекей тазалайтын майлармен,

-          әшекей бұйымдарын тазалауға арналған сұйықтықтармен;

-          тіс ұнтағы ерітіндісімен;

Бірақ бұйымдарды тек айына бір рет қана тазаласаңыз да жеткілікті! Одан артық тазалауға болмайды. Себебі құрамында химикаттар мен сынап, күкірт, йод, хлор сияқты реактивті заттары бар тазалағыш сұйықтықтарды шамадан асыра пайдалану әшекей бұйымдардың түсін өзгертеді.

Алтыннан жасалынған бұйымдарыңыз қарая бастаса, оны  15-20 минуттай жылы сабынды суда ұстаңыз да, кәдімгі тіс щеткасымен тазалаңыз.

Күміс бұйымдарды тазалау үшін 2 -3 сағаттай туралған картобы бар суға батырып қоясыз. Сондай-ақ ас содасы қосылған суға батырылған күміс тез арада жарқырап шыға келеді (1 литр суға 50 грамм ас содасы).

Қара дақтары бар күміс бұйымдарды мүсәтір ертіндісімен тазаласа болады (1 литр суға 1 ас қасық спирт).

Гаухар тас, лағыл секілді құнды әшекейлерді тазалағанда аса ұқыптылық керек. Ондай бұйымдарды жаңа тіс щеткасы мен ыдыс жууға раналған сұйықтық арқылы тазаласаңыз болады. Тек қана жылы сумен!

Опал не изумруд тастары да ерекше ептілікті қажет етеді, себебі олар сынғыш және өте нәзік болып келеді. Оларды тазалағанда су немесе басқа да сұйықтықтарды қолдануға болмайды. Мұндай бұйымдарды не ерекше ептілікпен, не арнайы майлармен ғана тазартыңыз. Ал өзіңізге сенімді болмасаңыз, бұл жұмысты арнайы зергерлерге тапсырғаныңыз дұрыс!

Қымбат жақындарыңыздан алған құнды заттардың құны жоғалғанын қалмасаңыз, оларға аса күтіммен қарағаныңыз жөн!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: vk.com

А. Әбілхан