Күзгі сән-2015: Пальтоны үйлестіріп кию

Күзгі сән-2015: Пальтоны үйлестіріп кию
Фото: http://kenzas.se/

Биылғы күздегі трендті түстер палитрасы сәнқой аруларымызға ұнары сөзсіз. Неге десеңіз, 2015 жылдың күзгі маусымында ақшыл, көгілдір, сары, алқызыл, тұнық көк, қара, сұр түстер басым. Трендті түстерді сән палитрасының беретін мүмкіндігімен бірге пайдалану керектігін ұмытпағайсыз. Яғни, аққұба аруларымыз тек аталған түстермен емес, жеті түстің әртүрлі реңктерімен үйлестіріп киіне алады. Жаз әлі аяқталған жоқ!

Бүгінгі таныстыратын образымыз – смарт кэжуал стиліне тән ұзын, оверсайз, викдэй пальтосы мен көлемді шарф.

Ақшыл түсті пальтоның ішінен ақ, сұр, тіпті қара түсті жемпір не кофта киюіңізге болады. Тобыққа жететін пальтоны бойшаң аруларымызға киген жөн. Дәл осындай пішінді пальтоның тізеге дейін келетін түрін аласа бойлы сәнқойларымыз кие алады. Қалың өкшелі етік сізді кербез етіп көрсетеді. 

Мұндай пішінді пальто толықша келетін аруларымызға да жарасады. Көлемді, реңктес шарф − міндетті аксессуар. 

Бұл стильмен қандай сөмке үйлеседі?

Сөмкенің түсін таңдауда аяқ киім не пальтомен сәйкестендіру міндет емес. Ең бастысы сізді салмақты, сәнді етіп көрсетуге көмектесуі керек екенін ұмытпаңыз. 

Студент аруларымыз көлемді сөмкесімен, ал жұмыс істейтін қыз-келіншектер кроссбоди сөмкесімен үйлестіре алады.

Пальтоның жеңі 3/4 болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда қолыңызға ұзын қолғап кигеніңіз жөн. Көптеген қыз оверсайз пальтосын белдікпен киген жөн деп ойлайды. Алайда дәл осы пішінді пальтоны белдікпен байлаған ерсі көрінеді. 

Егер нормкор стилін ұнататын болсаңыз, қысқа етіктің орнына жылы спорттық аяқ киім киюіңізге болады. Спорт стиліндегі аяқ киімді кэжуал образымен үйлестіру туралы мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз.

Қыздар, бұл образ ұнады ма? Күзге қандай пальто алдыңыз? Бұл жайлы форумда бірге әңгімелейік!

Ф. Абилова