Күзгі сән-2015. Аксессуарлар

Күз маусымын қандай аксессуарлармен қарсы алу керек? Биыл қандай әшекейлер сәнді болып саналады?

Сәнді түстер

Биылғы күз маусымында жасыл, лағыл, алтын түсті сөмкелер мен аяқ киімдер сәнде. 

Аяқ киім

Биік өкшелі танкетка не ботильон күзгі образға ерекше сән берері сөзсіз. Таза былғарыдан жасалған ботильон суға да, балшыққа да төзімді. Ал танкетканы күздің алғашқы айында киіп жүруіңізге болады.

Бисер, моншақтар

Биылғы маусымның тағы бір тренді – жылтыр элементтер. Бисер, пайетка, шілтер не жылтыр моншақтармен әрленген сөмке, аяқ киім не жейдені киюіңізге болады.

Қолғап

Шілтеріден тігілген қолғап кез келген аруды нәзік ететін аксессуардың бірі. Қыркүйек, қазан айларында жіңішке былғары қолғап, ал қараша айында қалыңдау қолғап кию керек. Қолғаптың классикалық түрін ұнатпасаңыз, әртүрлі принттермен тігілген ерекше түрлерін таңдауыңызға болады. Бұл – нормкор стиліне тән элемент болып саналады.

Сөмке

2015 жылдың күзінде көлемді сөмкелердің орнын кішігірім клатчтар басады. Сәнді кросс-боди не классикалық клатч алуға болады. Сөмкеңіз тым кішкентай болмауы керек екенін ұмытпаңыз. Оған ұялы телефон, кішкентай әмиян, далап, кілт сыйып кетуі керек.

Жібек орамал

Күзгі пальто не күртеңізге жарасатын жібек орамал сатып алыңыз. Орамал – романтикалық образдың элементі.