Оқу бітіру кешіне дайындық

Оқу бітіру кешіне дайындық
Фото: Нұрлан Алдамжаров

Оқу бітіру кеші – әрбір қыздың өміріндегі маңызды күндердің бірі. Бұл күн қайталанбас кештердің бірі болғандықтан, дайындық бірнеше ай бұрын басталады.

Кез келген ару мектеп кешіне нағыз ханшайым болып баруды армандайды. Үздік образды қалай қалыптастырамыз? Аксессуарлар, макияж, киім, туфли, маникюр, шаш – бәрі-бәрі ең үздік үлгіде жасалуы керек деп санаймыз.

Көйлек

Бітіру кешіне арналған көйлек сәнді, өзінің иесіне жарасымды болуы керек. Бұл күні ашық-шашық, гипюр немесе корсетті қысқа көйлектер киюге болмайды.

Қызыл түсті таңдауда абай болыңыз. Егер қызыл көйлек киюді шешсеңіз, туфлиіңіз ақшыл болғаны дұрыс. Тырнақты да түссіз бояуға бояп немесе френч маникюрін жасаған абзал.

Бітіруші аруды кербез етіп көрсететін трендті көйлектің бірі – қынама бел, кең етек көйлек. Олардың түрлерін біз өткен материалымызда көрсетіп, талдаған болатынбыз.

Туфли

Көйлек алғаннан кейін туфли таңдауға тура келеді. Ең бастысы аяқ киіміңіз жайлы болуы керек. Себебі сіз кеште бір емес, 7-8 сағат бойы жүріп, билейтін боласыз.

Биылғы жазда платформа туфлилері сәнде. Дегенмен туфлидің өкшесі 7-8 см-ден аспағаны жөн. Немесе өкшесі аласалау, артық бір аяқ киім алып кетуіңізге болады.

Әшекей-бұйым

Кішігірім сырға, білезік не алқа образыңызды толықтырып, сәнді ете түседі. Көйлегіңіздің пішініне қарай алқа мен білезік таңдаңыз. Егер көйлегіңізде жылтырақ, қосымша бір әрлейтін нәрселер болмаса, жылтырақ сырға тағуыңызға болады. Сондай-ақ кез келген образға гауһар тасты әшекей жарасымды.

Сөмке

Мұндай кешке кішігірім клатч алған жөн. Ол сіздің көйлегіңіздің түсімен үйлесуі керек. Бірақ бірдей болмағаны абзал. Оған телефон, косметика мен қалта орамалы сыйып кетуі керек. Бұлардың бәрі сізге кеш барысында қажет болуы мүмкін.

Бітіру кешін ұмытылмастай етіп өткізуге тілектеспіз! Жаңа қадамдарыңыз құтты болсын!

Ф. Абилова