- Негізгі бет
- Сән
- Етегі кең белдемшенің...
Етегі кең белдемшенің құпиясы неде?
2015 жылғы трендке тән жайт - дизайнерлердің неше түрлі материал мен пішімдегі киімдерді подиумға шығаруы. Әрбір жан өз мүмкіндігіне қарай киімдерді таңдап, must have-қа енгізе алады.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы - қыз-келіншектерге арналған етегі кең белдемше. Жүріс-тұрысқа өте ыңғайлы, денені қыспайтын осы киім түрі арулардың барлығына дерлік жарасады. Етегі кең белдемше әйел затының болмысын айқындап, оны әрі нәзік, әрі сәнді, әрі сұлу етіп көрсетеді. Оның үстіне мұны жұмыс орнына да, мерекелік шараларға да, тіпті жағажайға да кие беруге болады. Сондықтан бұл белдемшелердің қысқа (мини), орташа ұзындықтағы (миди) және ұзын (макси) түрлері бар.
Дегенмен дене бітіміңіздің ерекшеліктерін ескеріңіз. Егер иығыңыз үлкен болса, яғни, төңкерілген үшбұрыш пішінді болсаңыз, бұл белдемше сізге өте қажетті киім. Алайда кеудеңізге классикалық үлгідегі немесе реглан жеңді жейде, блуза кигеніңіз абзал.
Иығы фонарь үлгісіндегі блуза «алмұрт», «банан», «құмсағат» пішінділерге аса қатты жарасады. Бұл арулар белдемшенің сыртынан оби белдігін таға алады.
Іскерлік стильде етегі кең белдемшені бір тегіс жейде, блуза және қайық туфлимен үйлестіріңіз. Дресс-код қатаң сақталатын болса, жұмыс орнына орташа немесе миди ұзындықтағысы лайық.
Smart casual стилінде етегі кең белдемшенің жоғары жағынан ұзын жейденің етегін байлау арқылы денеңізге шақтап, кішірейтіңіз, ал аяғыңызға слипер, кеда киюіңізге болады. Бұл стиль үшін белдемшенің барлық ұзындықтағысын өз талғамыңызға сай кие аласыз.
Жағажайға макси белдемше кию сізді айналаңызға су перісі сияқты жұмбақ етіп көрсетуі мүмкін.
Тойға, қонаққа барғанда белдемшенің гүлді, ұзын не орташа ұзындықтағы түрін немесе көтеріліп тұратын балет стиліндегісін кисеңіз, назардың бәрі сізде болатыны сөзсіз.
Кең етек белдемше төгіліп әрі көтеріліп әдемі тұру үшін оны зығыр, зер, былғары, деним, фатин және мақта маталарынан тігеді. Егер дүкендерден өзіңізге лайықтысын таба алмасаңыз, осы аталған материалдардың ішінен таңдап, тіктіре аласыз. Бәрі өз қолыңызда.
Ұқсас жазбалар:
Сән әліппесі: Гардеробыңызда қандай киім болу керек?
Ф. Абилова