Сән әліппесі: Гардеробыңызда қандай киім болу керек?

Сән әліппесі: Гардеробыңызда қандай киім болу керек?

Сән адамзатпен бірге жасап келеді. Алайда шектен шыққан сәнқойлық зиянды әдетпен бірдей. Кезекті маусымдық көрсетілімдегі киімнің бәрін алып кию міндет емес.

Алдымен өз жасыңызға, статусыңызға (оқушы, студент, қызметкер) лайық келетін гардеробты сайт, сән журналы беттерін ақтара отырып, ойластырыңыз.

1. Базалық гардероб. Классикалық стильдегі ақ, қара, қоңыр түстегі киімдер сіздің гардеробыңыздың негізі болғаны абзал. Бұлардың кез келгенін трендтегі киімдермен үйлестіріп кие аласыз.

2. Іскерлік стиль. Сіз оқушы не студент болсаңыз да іскерлік стильдегі киімдеріңіздің болғаны дұрыс. Жас кезіңізден әртүрлі образға бейімделіп, талғамыңызды қалыптастырғаныңыз абзал. Іскерлік стильдегі киімдер: жакет, «қарындаш» белдемше, трапеция белдемше, классикалық шалбар, біртегіс жейде, блуза, галстук, т.б.

3. Мерекелік костюмдер мен көйлектер. Жылтырағы бар киімдер бірнеше маусымнан бері трендтен түспей келеді. Дегенмен «жылтырағанның бәрі алтын емес» демекші, арзанқол матадан тігілген киімдер сізге лайық емес. Қымбат материалдан тігілген 2-3 көйлек бір жылға жеткілікті болар.

4. Casual стилі. Бұл көбінесе, құрбыларыңызбен көңіл көтеруге жарайтын, бірақ жігітіңіз түсіне бермейтін киімдер: бойфренд шалбар, комбинезон, оверсайз киімдер мен әртүрлі әшекейлер. Бұл стиль дүкен, базар аралағанда да ыңғайлы. Дегенмен құрбыларыңызды таңғалдырам деп, тым ашық-шашық киім алудан аулақ болғаныңыз жөн.

5. Демалысқа арналған киімдер. Табиғат аясында серуен құруға лайық, жанымыз жақсы көретін спорттық стильдегі киімдер, алайда олар жуыла-жуыла өңі түсіп қалған немесе созылып кеткен болмау керек.

Жеткізбейтін сәннің артынан қуғанша, өзіндік ерекшелігіңізді даралайтын стильді қалыптастырғаныңыз жөн.

Сурет: Фариза Абилова

Оқи отырыңыз:

Сән әліппесі: Кантри стилі (Western)

Сән әліппесі: Этникалық стиль

Сән әліппесі: Преппи немесе мектеп формасын сәнге айналдыру

Сән әліппесі: Haute couture (Жоғары сән)

Ф. Абилова