Көктемгі сән: "Жыртық" джинспен әсем де сәнді көрінудің жолдары

Көктемгі сән: "Жыртық" джинспен әсем де сәнді көрінудің жолдары

"Жыртық" джинс – Алдаркөсе атамыз киген суық бір тесігінен кіріп, екінші тесігінен шығып кететін шапан секілді "сиқырлы" киім.

Осы джинс түрін дизайнерлер кезінде гранж стилінен алған болатын, содан бері сән подиумынан түспейтін киімдердің біріне айналды.

Неліктен?

Біріншіден, бұл еркіндіктің символы. Өйткені адамның үнемі сыпайы, салмақты, мәдениетті болып жүруі мүмкін еместігіне, кейде жүйкені босаңсытып, еркін тыныстауға болатынына ишарат жасайтын киім.

Екіншіден, бұл шығармашылық символы. Көбіне адамдар әдеттегі жайтпен, қалыптасқан нәрсемен жүре бергенді қалайды. Анда-санда даңғыл жолдан ауытқып, соқпақ арқылы шынайы табиғатпен бетпе-бет келіп, сырласқанға не жетсін! Кез келген көрінбейтін әдемілікті сезінудің өзі бір ғанибет. Жыртылып қалған джинсті қоқыс жәшігіне лақтырудың орнына кезінде қиялы жүйрік бір жан оны таласып киетін бұйымға айналдырды.

"Жыртық" джинсті немен, қалай киюге болады?

Business casual стилінде классикалық жакетпен, ішінен ақ немесе кез келген бір тегіс түстегі жейде киіп, дресс-код қатаң сақталмайтын, бірақ сәнді киінуді талап ететін, жұмыс орындарында, мысалы, редакция, сайт, дүкенде жұмыс істейтіндерге киюге болады. Образды классикалық туфли және ұстамды аксессуарлармен толықтырасыз. Сағат не ұлттық нақыштағы білезік тақсаңыз, құлпырып кетер едіңіз.

Smart casual стилінде қазіргі трендтегі жеңсіздермен ішінен свитшот немесе лонгслив киіп, көрмелерге, мұражайларға, фильм көруге аттана аласыз. Аяғыңызға аласа өкшелі ботильон кисеңіз, шаршамайсыз. Бұл образ классикалық үлгідегі киімдер жараса бермейтін "алма" пішінді бойжеткендерге таптырмайтын образ. Өйткені жеңсіз оның кемшілігін бүркемелесе, джинс аяғын одан сайын ұзартып, бойын биіктетіп көрсетеді.

Casual стилінде "жыртық джинсті" кардиган, жемпір, свитерді мойынорағышпен және сникерспен толықтырып, дүкен аралауға, құрбыларыңызбен кездесуге немесе жай серуендеуге шыға аласыз. Егер жігітіңіз сәнді киімдерге қызықпайтын жан болса, онымен кездесуге аталған джинсті кимегеніңіз абзал.

Жалпы "жыртық" стилінде тігілген киімдерді кедейшілік шақырудың белгісі деп түсінетін адамдар да бар. Әрине әркімнің пікірі өзінше құнды. Сондықтан мұндай көзқарастағы жандарға да құрметпен қараймыз.

Сурет: fake-leather.com

Ұқсас жазбалар:

Көктемгі сән: 2015 жылдың жакеттері

Көктемгі сән: Спорттық аяқ киімдерді спорттық емес үлгіде кию

Өңіржиекті заманауи киіммен үйлестіруге бола ма?

Көктемгі сән: Қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары

Ф. Абилова