Көктемгі сән: 2015 жылдың жакеттері

Көктемгі сән: 2015 жылдың жакеттері

Жакет идеясы ер адамдардың гардеробынан алынғаннан бері әйел затының сүйікті киімдерінің біріне айналды. Ол тек дресс-код элементі ғана емес, күнделікті өмірдегі кез келген жағдайға қажетті киім болғандықтан, кутурьелер мен дизайнерлер 2015 жылғы трендке жакетті түрлендіріп ұсынып отыр.

Қысқа жакеттер. «Құмсағат» және «алмұрт» пішінділердің дене сымбатының әдемілігін айқындайтындықтан, мұндай жакеттер олардың гардеробында міндетті түрде болуы тиіс. Ол ұзынды-қысқалы кең белдемшелермен немесе белі қынай буылған көйлектермен жақсы үйлеседі. Бұл - романтикалық образды қалайтын меланхоликтер үшін таптырмайтын шешім.

Қысқа жеңді жакеттер. Бұрынғы маусымда ішіктер мен пальтолардың жеңдері қысқарып, аруларымыз ұзын қолғап киюге дағдыланған болатын, Бұл әсіресе машина жүргізетін бикештерге ыңғайлы еді. Енді жеңі қысқарған жакеттер аяқ, қолдары жіңішке «алма» мен «банандар» үшін өте тиімді болды.

Жеңсіз жакеттер. Егер алдыңғы жакеттер сізге ұнамаса, жеңі мүлде жоқ жакет алыңыз. Ол көйлектердің, блуза, жейделердің сыртынан киіледі. Болмаса мерекелік шараларда жакеттің өзін төменгі жағына кең етек белдемшемен киіп шығуыңызға әбден болады.

Өзгеше пішімдегі жакеттер. Елді өзінің ерекше кейпімен таңғалдырғысы келетін бойжеткендер осындай өзгеше пішімдегі жакеттерді таңдай алады. Алайда белі ойық не жауырыны ашық, т.б. жұрттың ішегін тартқызып, бас шайқатар киімді мінсіз дене сымбаты бар жас арулар ғана кие алады. Әр стильдің бүге-шігесіне дейін ойластыратын сангвиниктер бұл жакетті де жоғары талғаммен үйлестіре алары сөзсіз.

Милитари стиліндегі жакеттер. Бұл стильдегі жакеттерді барлық пішімдегі, барлық жастағы әйел заты кие береді. Тек әркім өз пішіміне келетін түрін асықпай, айнаның алдында киіп қарап, сатып алса болғаны. Холериктер, қапы қалмаңыздар, сіздің мінез-құлқыңызға келетін киім.

Masculine стиліндегі жакеттер. Бұл стиль де барлық пішіндегі арулардың сүйіктісі болғандықтан, дизайнерлер одан бас тарта алмады. Тек бойды сәл аласартып көрсетіндіктен орта бойлы және ұзын қыз-келіншектерге ғана жарасатынын ұмытпағайсыз.

Классикалық жакеттер. Дизайнерлер консерваторларды да ренжітпеуге тырысып, классикалық үлгідегі жакеттерді подиумға шығарды. Оған әсіресе өзгерісті жаны сүйе бермейтін флегматиктер дән риза шығар.

Қынама бел жакеттер. "Алмұрт" пен "құмсағат" пішінді аруларға қынама бел жакетті таңдауға болады. Ол беліңізді шығарып, денеңізді сымбатты етіп көрсетеді. Трендтегі бұл үлгі біраз жылдар бойы сәннен кете қоймас.

Сурет: blogspot.com

Ұқсас жазбалар:

Сән жайлы құнды кеңес

Көктемгі сән: Спорттық аяқ киімдерді спорттық емес үлгіде кию

Соңғы сәнмен киіну неліктен ерсі көрінеді?

Көктемгі сән: Сюртук

Ф. Абилова