Іскер бикештің сырт көрінісі

Іскер бикештің сырт көрінісі

Бүгінде қоғамда, жеке бизнесте тасы өрге домалап, ерлермен бірдей табысты еңбек етіп жүрген аруларымыз да баршылық. Ісі мен сырт келбеті үйлесім тапқан аруларға қарап кейінгі бойжеткендердің бой түзейтіні анық. Алайда кейбір іскер бикештер сырт келбетін қалыпты ұстаудың жолдарын біле бермейді. Сол себепті бүгін біз іскер бикештердің сырт көрінісі туралы сөз қозғамақпыз.

Дресс-код – іскер әйел затының ең басты атрибуты. Бірыңғай тегіс, қымбат, тығыз матадан тігілген классикалық үлгідегі костюмнің (жакет-белдемше, жакет-шалбар-жилет, жакет-көйлек) кемінде төрт-бесеуі болғаны абзал. Әрі олар пішім, түс және фактурасымен өзара үйлесім табуы қажет.

Зергерлік бұйымдар. Зергерлік бұйымдар бикештің әлеуметтік жағдайынан хабар береді. Құдайға шүкір, біздің қыздарымыз, апа, аналарымыз қымбат әшекейден кенде емес. Алайда күнделікті жұмысты былай қойғанда іскерлік кездесулер мен шараларға іскерлік этикет бойынша зергерлік бұйымдарды тағудың өз қағидалары бар. Жарқ-жұрқ еткізіп, үйіндегі барды тағып келу «міне, менің осындай әшекейлерім көп» деп мақтанатын балабақша бүлдіршіндерін елестетуі мүмкін. Мысалы, екінің бірінің қолы жете бермейтін өте қымбат тұратын гауһар сақина не сырғаның ең кішкенесін тағу - талғамы өте жоғары, нағыз іскер әйелдің ғана қолынан келеді. Коко Шанель үйден шығарда айнаға қарап, әшекей бұйымдарының біреуін шешіп, қалдырып кеткенді жөн санаған екен.

Талғамға талас жоқ. Дегенмен орта жастағы әйелдерге көбіне алтын сағат, ал жас іскер ханымдарға күміс сағат таққан жарасымды.

Сөмке. Қазіргі заманда сөмкесіз жүретін әйел жоқ. Бұл қажеттілік. Былғарыдан жасалған сөмке де әйел затының деңгейін көрсетеді. Сондықтан оны таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Кейбір әпкелеріміз қағаздары сыймағандықтан, сөмкемен қосып, үнемі пакет ұстап жүреді. Мұндай кісілерге А4 көлемдегі сөмке ұстағаны қолайлы болады. Кешкі іскерлік кездесулерге ұстайтын кішігірім клатчтың екі-үш түрі әрбір іскер бикеште болғаны жөн.

Бас киім. Іскер бикештердің бас киімі – берет.

Жас қыздардың көбі сәнделген шаш үлгісін бұзбас үшін қыста жалаңбас жүргенді қалайды. Алайда басыңызға суық тигізіп, ауырып қалу қаупі өз алдына, салқын температура шашқа да әсер етеді.

Аяқ киім. Аяқты классикалық үлгіде әдемі етіп көрсететін былғары етік кез келген пішіндегі аруға жарасады. Дей тұрғанмен қақаған аязда күдері етіктер, угги, киізден тігілген етіктерді жұмысқа киіп келіп, туфлимен алмастырғаныңыз дұрысырақ болар еді.

Сурет:gejzer.ru

Оқи отырыңыз:

Іскерлік имиджді қалай қалыптастырамыз?

Еш уақытта сәннен шықпайтын мата

Костюмді қалай таңдаймыз?

Адамдар сізді бағалауда қай жерге қарайды?

Ф. Абилова