Нина Риччидің шын есімі – Мария Нейли

Нина Риччидің шын есімі – Мария Нейли

Нина Риччи өте кербез жан болған. Оның өзін-өзі ұстау мәдениеті, сұлулығы, талғампаздығы көптің көңілінен шығатын.

Күнде таңертең сағат жеті жарымда шаштаразы келіп, арада бір сағат уақыт өткен соң әдемі шляпасын киіп ақ «кадиллагына» жақындайтын. Кадиллагының жанына келгенде айналадағы адамдардың тынымсыз тіршілігіне бір көз салатын. Қол астындағы қызметкерлері оны «патшайым» деп атайтын еді.

Дәл осылай қарапайым ғана тігіншінің көмекшісі Мария Нейли аты әлемге жайылған сән үйінің негізін қалаған Нина Риччиге айналады.


Мария Нейли 1883 жылы 14 қаңтарда италиялық Турин қаласында дүниеге келген. Оның әкесі болашақта аяқ киімдер шығаратын сән үйінің негізін қалауды армандаған етікші болатын. Ол арманының соңынан еріп әйелі мен бес баласын Монте-Карлоға көшіреді. Артынша көп ұзамай осы жерде қайтыс болады. Осы уақытта Мария жергілікті дизайнердің қол астында жұмыс істейді. 14 жасында жұмысқа деген ерекше қабілеттілігімен көзге түседі. Бос уақытын түгелдей дерлік өз сызбасына сәйкес шляпа тігумен өткізеді.


Мария жақын күндердің бірінде Парижге көшіп барады. Сол жаққа өзінің өмірлік серігіне айналатын Джиджа әпкесі мен анасы бірге барады. Бұл қала қызды кербез, әрі талғампаз болуға үйретеді.

18 жасында өзінің еңбекқорлығының арқасында бас тігіншінің қызметіне көтеріледі. Артынша жеке тігін ательесін ашады. Клиенттеріне қызмет көрсету барысында өзіне ең мықты деген тігіншілерді жинайды, және өзі де тынымсыз еңбек етеді.


Өзінің жары әрі флоренциялық зергердің ұлы Луиджи Риччиді көп орынды ескі күймеде жолықтырады. Сол кезде күйеуі 23, ал Нинаның өзі 16 жаста еді. Қызға ес-түссіз ғашық болған Луиджи қолда барын тастап, үйлену үшін Парижге көшіп келеді. 1905 жылы олардың Роберт есімді ұлдары дүниеге келеді.

Парижде жеке кәсібін жалғастыра алмаған Луиджи толықтай әйеліне тәуелді болады. 1909 жылы қатты ауырып қайтыс болады. Нина 25 жасында Раффин мырзаның сән үйіне тап болады. Осы жерден «прет-а-порте» (дайын көйлек) сатып алуды жөн көретін, орта жастағы әйелдерден құралған клиенті көп болады. Жеке сән үйін ашқанға дейін Нина Риччи Раффин мырзаның толыққанды серіктесі болады. 

Жалғасы бар...

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай