Клатч ұстау ережелері

Клатч ұстау ережелері

Үйлену тойы, тұсаукесер, шілдехана, мерейтой, қоныс той – қазақтың тойлауға себебі көп. Және әр тойға жадырап бару – әр қыздың басты міндеті. Күнделікті сыйымды сөмке салтанатты бейнеңізді үйлесімді толықтырып тұруы екіталай. Мұндай жағдайларға ең қажеті – клатч. Бұл кішкентай сөмке – өте ұқыпты және көз тартарлық аксессуар. Оған ең қажетті деген заттар ғана сыяды. Ал көз тартарлық дизайнының арқасында сіздің салтанатты бейнеңізді толықтырып тұрады. Біз бүгін сол клатчты қалай ұстау керектігі жайлы әңгімелейміз.

Стилистер кеңесі

Күнделікті үлкен сөмке кешкі қыдырыстар мен салтанатты кештерге аса жараспайды. Ал оның жанында клатч күнделікті киімдермен үйлесе алады. Бүгінде дизайнерлер клатч пайдалануда еркіндікке бой алдырады. Ең бастысы – бейнені құрап тұрған киімдермен үйлесімде болса болғаны. Сонымен, дизайны мен түр сипатына байланысты оны түрлі жағдайларда пайдалануға болады.

Біртүсті ықшам былғары клатч. Мұндай бұйым әмбебап десек болады. Онымен офиске жұмысқа, кездесуге, салтанатты кештерге баруға болады. Сондықтан егер шағын зат алып жүруге үйренсең, онда осы нұсқа жарайды. Жалпы, бүгінде сыйымды клатчтар баршылық – алайда, оны затпен толтырып қою ұсынылмайды. Бұдан ол сүйкімсіз көрінеді және оны ұстап жүру де ыңғайсыз болады. Мұндай үлгінің басты артықшылығы кез келген сырт киіммен үйлесе алатындығында.

Металлик. Мата немесе былғарыдан жасалған күміс немесе алтын түстес жарқырап тұратын кішкентай клатч – кешкі бейнені толықтырып тұруға таптырмас бұйым. Алайда өз бетінше ол жарқын бұйым болатындықтан, оны қарапайым коктейль көйлектермен үйлестірген жөн. Мысалы, қара немесе сарғыш түсті футляр-көйлекпен ол тамаша көрінетін болады.

Қанық қою түрлі-түсті клатчтар. Мұндай сөмке әртүрлі бейнеге жарасымды. Жарқын клатчтар жас, кешкі, күнделікті бейнелерді толықтырып тұрады. Олар мини-көйлектермен, шортылармен, тарылған джинсылармен, биязы көйлектермен де әдемі жарасады. Бастысы – түс үйлесімділігін жоғалтпау.

Дизайнерлік клатчтар түрлі сипатта әшекейленіп, түрлі пішінде болуы мүмкін. Бүгінде клатчтарды әсемдеу үшін бисер, тастар, кестелер, тері, жүн, қауырсындар, деним мен түрлі маталарды пайдаланады. Бұған қоса, жүрек, гүл, ұлу қабыршағы, үйрек және т.б. пішіндес клатчтарды кездестіруге болады. Әрине, бұл дизайнерлік өнер туындыларының кез келгені соған сай бейнемен үйлесуі тиіс. Көйлекке сөмке таңдағанда әшекейлер мен бөлшектердің шамадан тыс көп болуы талғамсыздыққа ұрындырмауын қадағалау қажет.

Көйлек пен клатчта әртүрлі әсемдеу элементтерін араластырмаған жөн – мысалы, страз бен інжу.

Ортақ нұсқаулықтар

— Бүгінде клатч кеңінен пайдаланылып жүргенімен, ол спорттық стильге мүлде сай емес.

— Көптеген адамдар клатчтың бауы немесе шынжыры болмауы тиіс және қолда ұстап жүру керек дейді. Алайда сөмке комплектісінде иыққа асып жүруге арналған бауларымен бірге жүреді. Сондықтан әр қыз клатчты қалай ұстаймын десе де өз еркі. Мұнда ең дұрысы жағдайға байланысты бейімделу. Мысалы, егер би кеші, тойға барар болсаңыз, сөмкені қолда немесе қолтықтың астында ұстаған жөн. Ал егер дүкен аралау, мұражайға бару деген сияқты жоспар болса бау немесе шынжыр кедергі болмайды.

— Аяқ киім мен клатч бір-бірімен міндетті түрде үйлесуі қажет.

— Көйлек сәулетті болған сайын, клатч барынша қарапайым болғаны дұрыс. Және керісінше.

Сурет: little-thing.ru, www.starlook.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Сөмкесіне қарап таны...

Сөмке мен аяқ киім үйлесімі

Lady Dior сөмкесі – мәңгілік классика

A. Mustafina