Адельдің стилі: толық қыздарға кеңестер

Адельдің стилі: толық қыздарға кеңестер

Шоу-бизнестің есігі тартымды, сұлу да сымбатты дарындарға ғана ашылады деген түсінік бар. Адель бұл ұғымның тас-талқанын шығарып, толық бола тұра дарынымен миллиондардың жүрегін жаулаған әнші. Жас та болса, көптеген жетістіктерге жеткен өнерпаздың танымалдылығы арта түспесе кемитін түрі жоқ: оның концерттерін жұрт асыға күтеді, әр әнін ыждаһаттықпен тыңдайды, ол түрлі кештердің, салтанатты жиындардың қадірлі қонағы. Және барлық жағдайда Адель өз стилін мықтап ұстанып, әрдайым сұлу келбетімен тамсандырады.

Адель толық пішінді әнші болғанымен, оның киім киісі мен стилі толықтығына сүйкімділік беріп тұрады. Салтанатты кештерге таңдайтын бейнелерінің көбі осыған бағытталған.

Адельдің көптеген киімдері қошқыл, көбіне қара түсті екенін атап өту керек. Қара түс – толық, ақ сары қыздарға жақсы жарасады. Оған қоса арық қыздар сияқты толық қыздарға да фактуралы, кестелі, пайеткалы, ірі принтті маталарға ден қою керек. Артық бөлшектер салмаққа салмақ қосып, ал артық салмақ кезінде назарды басқаға аудартып тұрады.

Әнші қызыл кілемге көбіне қынама бел көйлектерді таңдайды. Және көйлек белдіктері жалпақ болып келеді. Ал көйлектердің етегі көбіне белден төмен кең.

Адель салтанатты кештерге қара көйлектердің ұзын етекті, орташа ұзын етекті және тізеден сәл жоғары етекті көйлектерді де киген. Және әрқайсында да әнші ерекше көрікті.

Көйлектердің жағалары көбіне қайықша үлгіде немесе кеудесі жабық болатынын айта кету керек. Кеудесі жабық көйлектер мойын мен кеуде тұсын ұзын етіп көрсетеді.

Тізеден сәл жоғары көйлектермен әнші тіпті кішкентай қуыршақтай көрінеді.

Әнші ешқашан иық пен білек тұсын ашық қалдырмайтынын байқауға болады. Көйлектерінің иығы мен білегі көбіне шілтерлі, селдір матамен тігілген болады. Бұл да өз кезегінде толық иық пен білекті жасырудың бір амалы.

Толық қыздардың басты мәселелерінің бірі - толық аяқ екені рас. Биік өкшелер бұл кемшілікті жасырып, аяқтың ұзын әрі жинақы болуын қамтамасыз етеді. Алайда Адель бұл кеңесті ұстанудан бас тартқан жандардың бірі. Әнші көбіне қарапайым қайықша туфлилер немесе тіпті балеткеларды жөн көреді.

Қарапайым өмірде Адель кең киімдерге, соның ішінде кең плащтар, кардиган, пальтоларға ден қояды. Және олар да көбіне қара түсті. Әуежайларға, көшеге, дүкендерге, қыдыруға әнші көбіне лосины, кең свитер және балетка киеді.

Сурет: www.stylebistro.com

Автор: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Зои Салдананың стилі: арық қыздарға кеңестер

Толық қыздардың гардеробы

Толық аяқты жасыратын киімдер

A. Mustafina