Жапонияның субмәдениеттерін білесіз бе?

Жапонияның субмәдениеттерін білесіз бе?

ХХ ғасырда жапон сән әлемі тани алмастай дәрежеде өзгерді. Сан түрлі субмәдениеттерге топтала бастаған жасөспірімдердің арқасында жаңа киіну стильдері жапон мәдениетіне кіріге бастады. Оны кейбіреулер жастардың қызығушылығына балап, позитивті ойымен сөзін қайырса, тағы біреулері қоғамның бөлшектенуі деп сынаған болатын. Енді сізден біздің бүгінгі топтамаға қарап пікір білдіруіңізді сұраймыз.

Сукебан (スケバン/女番/スケ番)


Жапон тілінен аударғанда «suke» - әйел, ал «ban» - босс (бастық) деген ұғымды білдіреді. Алдында сукебандық билікті қалаушылар бірігіп, адамдарды тонап, қарақшылықпен айналысатын болған. Олардың ең алғашқы көзге түсе бастаған кезі өткен ғасырдың 60-жылдары болатын. Сол кездерде сукебанның қолдауымен жапон мафиясы Якудзаға қосылғысы келетін «Банчо» жастар бандысы құрылған.

Сукебандардың құрамына қарай беделі де жоғары болған. Ең үлкен топ өз ішінде 20 000 мүшесі бар «Канто» деликвентті әйелдер альянсы болды. Олардың бір-бірімен қарсы келіп, соқтығысатын кездері көп болады. Әр альянстың өзіндік қатал ережелері қалыптасқан. Қоғамдық киім үлгілері: үсті - теңізші киімі, төмен қарай - тізеге дейін бүрмеленген белдемше. Олар өз киімдерін арнайы тапсырыспен тіктіреді.

Янки немесе Босозоку


«Жылдамдыққа құмар» (янкилер) немесе «Босозоку» деген атпен белгілі мотоциклшілер бандасы Жапонияда 60-жылдардың басында қалыптаса бастаған. Ал 70-жылдарға орай аталмыш қоғамдық ұжымға әйелдер де қызыға бастайды. Сол жылдары жапон полициясының статистикасына сенсек, Жапонияның 26 мыңға жуық тұрғыны әр түрлі байкерлік топтардың құрамында болған. Қара түсті киімдерді ұнататын байкерлер көбіне тонаумен айналысады. Дегенмен, 80-жылдарға келіп, құқық қорғау мекемелерінің қысымы үлкейгеннен соң босозокулер азая түсті. Есесіне, босозокулердің тасасынан шыққан жастар «янкилер» субмәдениетін қалыптастырды. Олар тек қара түсті киім киген. Және олардың ең басты ерекшелігі мотоциклдерінде болды.

Когяру (コギャル)


«Gyaru» сөзі Жапонияға 80-жылдары келді. Жапонша «брендті киімдерді ұнататын қыз» дегенді білдіреді. Ал «Ko» жапонның «kodomo» - «сәби» деген сөзінен қысқартылып алынған. Бұл сәндік термин алғаш рет 90-жылдары қолданыла бастады. Қоғамда ересек ер адамдармен 8 сынып қыздарының бірге жүруі жиілей бастаған кез болатын. Ко Гал стилін қолдайтын қыздар балалардың аксессуарларын қолданып, барынша жас көрінуге тырысады. Оларды мектеп үлгісіндегі киімнен бірден тануға болады. Қысқа белдемше, ашық түсті боялған шашы мен күнге күйген терісі арқылы қоғамнан ерекшеленеді. Ко Гал стилі Токиодан бүкіл Жапонияға әйгілене бастайды. Соңыра аталмыш стиль «Hime Gyaru» субмәдениетінің қалыптасуына түрткі болады. «Hime» сөзі ханшайым деген ұғымды білдіреді.

Гангуро (ガングロ)


Гануро стилінде сәнденушілер аптасына бір рет күнге күюді әдетке айналдырған. Оған қоса, бетіне тоналды крем жағып алады екен. «Гангуро» сөзін тура мағынасында аударғанда «қара бет» дегенді білдіреді. Күнге күю олардың ең басты артықшылығы емес. Гангуро мәдениетін жақтаушылар биік табанды аяқ-киім мен қысқа белдемше киіп, шаштарын кемпірқосақтың барлық түстерімен араластырып бояп алады. Макияж – бөлек әңгіме. Олар қара немесе тым ақ түске қызықпайды. Тек ақ түсті далап жағып, көбіне көк түсті көзілдірік тағады. Соңғы он жылда Жапонияда күнге күюге арналған арнайы орталықтар жаппай жабыла бастағандықтан, ганругошылардың реті азая түскен.

Кигуруми (着ぐるみ)


Кигуруми стилі жапон сән әлемінде көп тұрақтамады. Бір-екі жылдың көлемінде ғана қоғамдық үдеріс тапқан. Бос уақытынта әңгіме-дүкен құрудан жалықпайтын Шибу ауданының жасөспірімдері өздеріне қолайлы киім үлгісі ретінде жануарлардың бейнесіндегі спорттық киімдер таңдап алған. Пикачу немесе Винни-Пух бейнелерінен бөлек олар ерекше аксессуарларды да қолданған.

Лолита (ロリータ・ファッション)

Готикалық Лолита

Тәтті Лолита

"Wa" Лолита

Лолита Жапониядағы ең әйгілі субмәдениеттердің бірі. Қазіргі кезде, Лолита стиліндегі Baby the Stars Shine Bright, Metamorphose, Angelic Pretty секілді брендтер кеңінен тараған.

Лолитаның өзі бірнеше бағыттарға бөлінген. Готикалық нұсқасы рококо стилімен араласқан болып, көбіне қара түсті киім кигенді жөн көреді. «Тәтті» Лолиталар кішкентай қыздардың бантиктерімен ерекше сәндік бейне көрсетеді. Ал Панк стиліндегі Лолиталар бау шынжырларға көп қызығады. Ал классикалық жапон кимоносын күнделікті киім үлгісіне айналдырған Лолиталар «Wa» деген атаумен әйгілі.

Декора


Декора – қазіргі кездегі ең әйгілі жапондық көше стилі. 1997 жылы «FRUiTS» журналы көше сәнінің ең жарқын бояуларын жариялайды. Онда Аки Кобаяси есімді модельдің қалай өзінің жеке стилін қалыптастырғаны жайлы айтылған болатын. Содан бастап әрбір сәнқұмар жасөспірім өзінің сән стилін жасауға көшеді. Уақыт өте келе, түрлі көше стиліндегі киімдер мен аксессуарлар Харадзюки аймағында сатыла бастайды. Декора қыздары шаш қыстырғыштар мен пластикалық әшекей бұйымдарды тағып алады. Неонды белдемшелер мен түрлі-түсті гольфтарды киеді.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.cracked.com

Ж. Өрісбай