Коньки тебуге барғанда...

Коньки тебуге барғанда...

Коньки тебу – қыс мезгіліндегі басты ермектердің бірі. Достармен жиналып, мұз айдынында көңіл көтеру, тіпті коньки тебе алмайтындар үшін де қызық болмақ. Қыста пайда болатын ашық мұз айдындарында тоңып қалмау үшін қалай киіну керек? Біздің кеңестерімізбен таныс болыңыз.

Бірінші кезек мұз айдынында белсенді болып, көп қимылдайтындығыңызды естен шығармаңыз. Тар немесе тым ұзын сыртқы киім қимылдауға мүмкіндік бермейді, ал тым қалың киінсеңіз, терлеп, ауырып қала аласыз. Дұрысы – қалың бірақ қысқа куртка таңдау. Егер гардеробыңызда жеңі жоқ желетке болса, қалың жемпірдің үстіне соны кисеңіз де болады.

Әрине белдемшелер мен көйлектер белсенді спортпен айналысуға ыңғайсыз. Қалың ыңғайлы джинсы шалбарды таңдап, астына термо іш киім: колготкі, шұлық киіңіз. Термо маталардан тігілген киім жылуды сақтап, ылғалды өткізбейді. Әдетте термо қорғанысы бар мұндай іш киім түрлері жұқа болып, терлетпейді.

Мұз айдынында жалға беретін коньки суық, жұқа болып шығуы мүмкін. Сол себепті үйреншікті шұлық не колготкілер үстінен тағы да бір жылы шұлықты киген не өзіңізбен алған дұрыс.

Коньки аяғыңызға тар болмағаны дұрыс. Тіпті, өлшем келмей жатқан жағдайда тарынан кеңірегі дұрыс. Балтырға киетін гетры де жылуды сақтауға көмектеседі.

Бас киім мен шарфты күнделікті кимеген жағдайда да, мұз айдынына барғанда оларды ұмытпаңыз. Барынша қарапайым бас киім таңдаған жөн, ол қозғалуға мүмкіндік беру керек. Ал шарфтардың арасынан ең қалыңын таңдаңыз.

Былғары қолғапқа қарағанда, жүннен тігілген қарапайым қолғапты таңдаңыз. Ол жылуды жақсы сақтайды, сондай-ақ былғары қолғапты кірлетіп не жыртып қою мүмкіндігі жоғары.

Өзіңізбен бірге қосымша шұлық пен қолғап алған да артық болмайды.

Заттарды ыңғайлы арқа сөмкесіне салып алған ыңғайлы: оны коньки тепкенде тағып алуға болады, ал заттарыңыз жоғалмайдыМұз айдынында тоңып қалмау үшін ыстық тәтті шай ішуді ұмытпаңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А