Күміс Базарбаева "Жер Аруы – 2013" байқауында ел намысын қорғайды

Күміс Базарбаева "Жер Аруы – 2013" байқауында ел намысын қорғайды

"Азиада Аруы" атағының иегері, отандасымыз Күміс Базарбаева елімізді халықаралық "Жер Аруы-2013" байқауында көпшілікке таныстырады. Бұл сайыс 7 желтоқсан күні Филиппин аралдарында өтеді.

Күміс Базарбаева – дарынды балаларға арналған музыка мектебінің, Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Ол өзін опера әншісі, дирижер, композитор, пианист ретінде танытып үлгерген.

Осыған орай модель әрі әнші 25 жасар Күміс сайысқа арналған өзін таныстыру бейнебаянын ұсынды. Бейнебаянда ол әсем қала Алматының тұрғыны екендігін баса айтады.

"Алматы – биік таулардың ортасында орналасқан сұлулығы ерекше бақ, бұл жақта түрлі ағаштар мен гүлдер жетерлік. Алматы әсіресе, көктемде әсем болады. Дәл осы Алматы қаласының әдемілігі жайлы жазған әнім де бар", – дейді Күміс бейнебаянда.

"Мен Жер Анамызды сүйемін, Жер бетіндегі әр сәтім үшін қуаныштымын. Барлық нәрсеге мейірімділік пен махаббат арқылы қарауымыз керек деп ойлаймын. Жердің жаны, сезімі бар екеніне сенемін. Ауаны, суды, қоршаған ортаны, адамдарды сүю арқылы біз Жер Ананға деген махаббатымызды білдіреміз", – деп толықтырды ол.

Күміс Қазақстандағы экологиялық жағдайлар жайлы айтып, Қазақстан қоршаған ортаны сақтауда үлкен шаралар атқарып жатқандығын да атап өтті. 

Айта кетсек, "Жер Аруы" байқауы қыздар арасында өтетін 4 басты сұлулық сайысының бірі. Алғаш 2001 жылы өткен бұл жарыс экология, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Сол себепті қазылар тек қыздардың сұлулығы мен дарынына ғана емес, сонымен қатар экологияға деген көзқарасына көп көңіл бөледі. Байқау жеңімпазы атанған ару жыл бойы түрлі экологияны қорғауға бағытталған шараларға қатысып, белсенділік танытады.

Отандасымызға сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А