Қазақ қызы "Әлем Аруы-2013" сайысында

Қазақ қызы "Әлем Аруы-2013" сайысында

Қазір Ресей астанасы Мәскеу қаласында "Crocus City Hall" концерт залында "Әлем Аруы-2013" сұлулық сайысы өтіп жатыр. Байқауға Қазақстан атынан 19 жастағы алматылық ару Әйгерім Қожахан қатысты.

86 елдің сұлу қыздары қатысқан сайыстың қазірде жартылай финалы өтуде. Көрші елдегі әлемдік дәрежедегі байқауда қыздар алғаш рет сахнаға шығып, өздерін таныстырып өтті. Артынан арулар кешкі салтанатты көйлектер мен ұлттық киімдерін көпшілікке көрсетті.

Қазақстан намысын осы байқауда қорғауға кеткен жас Әйгерім ұлттық киім сайысында қазасқтандық дизайнер Ая Бапанидің оюлармен өрнектелген ақ-қара түсті көйлегін киіп шықты. Бірақ бұл сайыстағы басты жүлде – бес мың доллар Никарагуа елінен келген сұлу Настасья Боливарға бұйырды.

Kazakhstan 2013

Жартылай финал кезінде Әйгерім 7 мың адам мен әділ қазылар алдына нәзік алқызыл түсті салтанатты көйлекте шықты. Әйгерімнің таныстырылуында оның қайырымдылықпен айналысатындығы, жануарларды қорғау ұйымындағы волонтер жұмысы жайлы және "Туризм" бағыты бойынша білім алып жүргендігі айтылды.

Kazakhstan 2013

"Әлем Аруы" финалына тек 16 ару өтеді. Жартылай финал нәтижелері ұйымдастырушыларға қазір де белгілі, алайда олар бұл ақпаратты тек 9 қарашада өтетін финал басында жариялауды жоспарлапты.

Әділ-қазылар құрамына атақты рок тобы Aerosmith солисі Стив Тайлер және басқа да әлемдік және Ресейдегі танымал кісілер кірді. Кешті танымал журналист, жүргізуші Ник Теплиц пен былтырғы әлемдік біріншіліктің жеңімпазы американдық сұлу Оливия Калпо жүргізді. Финалды Томас Робертс пен Spice Girls тобының бұрынғы орындаушысы Мелани Браун жүргізеді деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетсек, 19 жастағы Әйгерім "Алматы Аруы-2013" байқауының жеңімпазы болған, бірақ ол мемелекеттік біріншілікке әлі қатысып үлгерген жоқ. "Әлем Аруы-2013" сайысына тәртіп бойынша "Қазақстан Аруы-2012 Жазира Нұрымбетова баруға тиіс еді. Бірақ "Әлем Аруы" мен "Қазақстан Аруы" сайыстары бір уақытта болатындықтан, Жазира елде қалып, жеңімпаз тәжін жаңа Қазақстан Аруына тапсыруы керек. Мәселені шешу үшін әлемдік сайысқа осы жолы ұйымдастырушылар Әйгерімді жіберуді жөн көріпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жазира келер жылы "Әлем Аруы" байқауына міндетті түрде қатысады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: missuniverse.com

С. А