Адам осыған да жылай ма?! Жылап отырған балаға айтуға болмайтын сөздер

Адам осыған да жылай ма?! Жылап отырған балаға айтуға болмайтын сөздер
Фото: ru.freepik.com

Бала кез келген нәрсеге қырсығып, айқай шығарады немесе жылап жібереді. Тіпті, кейде "бас киіміңді киіп ал" деген сөздің өзіне «кимеймін» деп жылай салады. Ата-ана баласының мұндай реакциясына қалай әсер беруі керек?

Әдетте, мектеп жасына дейінгі балаларға өз эмоцияларын бақылауда ұстау қиын. Олар сізге аса маңызды емес көрінген нәрселердің бәріне қатты реакция білдіруі мүмкін. Мұндай кезде, әсіресе, ол қоғамдық жерде айқайлап, жыласа, ата-ана не істерін білмей кетеді. Бұл кезде көпшілік ата-ана айтатын сөздер жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Сіз де бұл қателікті жібермес үшін бала жылағанда айтуға болмайтын сөздерді ұсынамыз.

"Айқайлай берме, әйтпесе, көрсетемін!"

Бала жылауының артында шынайы себеп тұр. Ол сізге түсініксіз болса да, оның еркелігін көтеруге күш қалмаса да, баланы жазалайтыныңызды айтып, қорқытудың қажеті жоқ. Қорқыту жағдайды ушықтырады және ата-ана мен бала қатынасына жағымсыз әсер етеді. Бала мұндай реакцияны қолдау көрсетуден бас тарту деп қабылдап, уақыт өте ата-анасына сенуден қалады.

Ашу үстінде оны қорқытудың орнына баламен көп адам жоқ тыныш жерге кетіп қалуға тырысыңыз. Тыныш жерде онымен сөйлесіңіз, оның бұл әрекетінің себебін анықтауға тырысыңыз.

"Адам осыған да жылай ма?!"

Ересек пен баланың әлемге көзқарасы мүлдем басқа, сондықтан баланың сезімдерін өзіңіздікімен салыстыру қате. Оның үстіне сіз оның сезімін құнсыздандырып тұрсыз. Бұл әрекетіңіздің себебінен баланың өзіне сенімділігі төмендеуі мүмкін. Кейін ол өз уайымымен сізбен бөліспес бұрын өз сезімдеріне күмәнмен қарайтын болады.

Балаға өз сезімдерін көрсетуге мүміндік беріңіз. Ол сізден түсіністікті және қолдауды қажет ететінін ұмытпаңыз. Әрине, бұл сізден сабырлық пен күшті қажет етеді, бірақ нәтижесінде бала өз эмоцияларын басқаруды және олардың пайда болу себептерін анықтауды үйренеді.

"Жылауықсың ғой!"

Әзіл — жиі қиын сәттен шығуға көмектесетін пайдалы сезім. Бірақ оның өз орны бар. Бала шынымен де ренжігендіктен жылауы мүмкін, ол бұл сезімін ата-анасына жылау арқылы жеткізгісі келеді. Ал егер сіз мұндай уақытта қалжыңдасаңыз, бұл оның сезімдерінің маңызы жоқ екенін айтумен бірдей.

Бала бұл әрекетімен сізге не жеткізгісі келетініне аса мән беріңіз. Қорықса — қорғаңыз, ауырып тұрса — аяңыз, ренжісе — қайғысына ортақтасыңыз. Бала жылап, өз-өзіне келгенде баламен бірге күлкілі бірдеңе айтып, қалжыңдасуға болады.

"Саған не істерімді білмеймін..."

Бұл сөзіңізбен сіз балаға бұл жағдайда дәрменсіз екеніңізді көрсетесіз. Ересек адам баланың көз алдында — қауіпсіздік тірегі. Өзіңізді баланың орнына қойып көріңізші? Сіздің болған жағдайға байланысты қатты көңіліңіз түсті, ең жақын адамыңыздан қолдау күтесіз. Ал ол болса, сізден және сіздің қиыншылықтарыңыздан басын ала қашты. Отбасыда өзін қауіпсіз сезініп өскен бала ересек өмірде өз-өзіне сенімді әрі сабырлы болады.

А. Жапатова